Алматы қаласындағы «Ғылым ордасы» ғимаратында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы еліміздегі ғылым қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған ауқымды салтанатты іс-шара өткізді, деп хабарлайд BAQ.KZ.
Іс-шара отандық ғылымның жетістіктерін дәріптеу, ғылыми қызметкерлердің еңбегін мойындау, сондай-ақ жас ғалымдарды ынталандыру және олардың инновациялық бастамаларын қолдау мақсатында ұйымдастырылды.
Сондай-ақ Ғылым ордасының ауласында ерекше символдық мәнге ие «Сәтбаев сакураларын» жаңғырту рәсімі ұйымдастырылды. Бұл бастама – қоршаған ортаны қорғауға үлес қосу ғана емес, сонымен қатар еліміздің ғылым тарихына құрмет пен тағзым белгісі. Сакура ағаштарын алғаш осы жерде академик Қаныш Сәтбаевтың құрметіне өткен ғасырдың 60-шы жылдары жапон делегациясы отырғызғаны белгілі.
Салтанатты отырғызу рәсіміне академиктер, депутаттар, жапондық делегациясы мүшелері, ғылыми қоғамдастық белсенділері қатысты.
Бұл іс-шара Қазақстанның ғылыми қауымдастығы үшін маңызды оқиға болып, отандық ғылымның болашағына қосылған зор үлес ретінде бағаланды.
Әлемдегі 20 озық елдің тәжірибесіне сүйене отырып, Академияның 2035 жылға дейінгі Даму стратегиясы әзірленіп, бекітілді. Жетекші елдердің тәжірибесіне сәйкес біз алғаш рет ғылымды дамытудың басым бағыттарын анықтадық. Осы уақытқа дейін бұл мәселеге бізде дұрыс көңіл бөлінбей келген. Мәселен, зерттеулердің барлық салаларын толығымен қамтитын ғылымды дамытудың 7 басым бағыты мен оның 153 мамандандырылған ғылыми бағыттары белгіленген. Алайда, олар іс жүзінде ғылымға берілетін бюджет қаражатын солардың бәріне бірдей қылып бөлу схемасына айналған. Сондықтан да Академия мемлекеттің даму стратегиясымен үндестірілген және оның бәсекелестік артықшылықтарын ескеретін, ғылыми зерттеулердің тиімділігін қамтамасыз ететін ғылымды дамыту басымдықтарының жаңа жүйесін ұсынды. Оны Ғылым және жоғары білім министрлігі қолдады және Үкімет жанындағы Жоғары ғылыми-техникалық комиссия 2026 жылдан бастап қолданысқа алатын болды, - деді Ұлттық ғылым академиясының Президенті Күрішбаев өз сөзінде.