Сенімді ақтамаған екі Астана тұрғынының бас бостандығын шектеу жазасы нақты мерзімге ауыстырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
"Сарыарқа" ауданы прокуратурасының мәліметінше, аталған прокуратураның бастамасымен қылмыстың қайталануының алдын алу мақсатында пробациялық бақылаудағы сотталғандардың қатысуымен сот процесі ұйымдастырылды.
Аудан прокуратурасының үйлестіруімен пробация қызметінің екі сотталғанға қатысты бас бостандығын шектеуді бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыру туралы ұсыныстары сотқа жолданды.
Сот отырыстары барысында есепте тұрған азаматтардың қоғамдық тәртіп пен имандылыққа қол сұғатын әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны және түнгі уақытта тұрғылықты жерінде болмағаны анықталды.
Сот қаулыларымен бас бостандығын шектеу түріндегі жазалардың өтелмеген бөлігі 1 жыл 2 ай 26 күн және екінші сотталған адамға 8 ай 12 күн мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды, - делінген "Сарыарқа" ауданы прокуратурасының ақпаратында.
Астана қаласының прокуратурасы заң мен тәртіпті қатаң сақтауға шақырады.