Шымкентте жүргізуші полицейді көліктің капотымен бірге сүйреп әкетті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Шымкентте жол қозғалысы ережесін елемеген жүргізуші полицейдің өміріне қауіп төндірді. Ол тоқта деген тәртіпке бағынбай, полицейді көліктің капотымен бірге бірнеше метрге дейін сүйреп кеткен.
12 маусым күні Шымкент қаласында полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережесін өрескел бұзған Daewoo Nexia көлігінің жүргізушісін анықтады. Жолдағы қауіпті мінез-құлықты тіркейтін жасанды интеллект негізіндегі цифрлық бақылау жүйесі арқылы құқық бұзушының әрекеті тіркелді. Полицейлер көлікті тоқтатпақ болған. Жүргізуші алғашында тоқтағандай кейіп танытқанымен, тәртіп сақшылары жақындай бергенде, кенеттен көлікті қайта айдап кеткен. Осы сәтте полицейлердің бірі көліктің капотына жабысып үлгерген, - дейді Шымкент полициясы таратқан хабарламада.
Жүргізуші полиция қызметкерін капотпен бірге жоғары жылдамдықпен сүйреп, оның өміріне қауіп төндірген. Көп ұзамай тәртіп сақшылары көлікті тоқтатып, жүргізушіні ұстады.
Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 380-бабы (“Билік өкіліне күш қолдану”) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Бұл оқиға азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы полиция қызметкерлерінің күнделікті жұмысының қаншалықты тәуекелге толы екенін көрсетеді. ‘Заң және Тәртіп’ қағидатын іске асыру аясында полиция қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығына қол сұғушылық үшін жаза міндетті түрде қолданылады. Мұндай әрекеттерге құқықтық баға беріліп, заң аясында қатаң шаралар қабылданады, - делінген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін Шымкентте полицей жол ережесін бұзған адамға тас лақтырғанын жазған болатынбыз.