АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп 16 маусым, дүйсенбі күні, барша адамды Иран астанасы Тегераннан дереу эвакуациялануға шақырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Иран мен айтқан келісімді қол қоюы керек еді. Бұл – масқара және адам өмірінің босқа кетуі. Жай ғана айтқанда, Иранның ядролық қаруға ие болуына жол жоқ. Мен мұны қайта-қайта айтып келемін! Барлығы Тегераннан дереу эвакуациялануы тиіс! - деп жазды ол Truth Social желісіндегі парақшасында.
Трамп сондай-ақ Канадада өткен G7 саммитінде аталған оқиғаға қатысты сөз сөйледі.
Мен Иранға 60 күн уақыт бердім, олар "жоқ" деді, ал 61-күні не болғанын өздеріңіз көрдіңіздер, - деді Дональд Трамп.
Ол Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен үнемі байланыста екенін айтып, "келісім жақын арада жасалады" деген сенім білдірді. Оның айтуынша, Иран тарапынан бұл келісімді қабылдамау – "ақымақтық" болар еді.
Ал Иран Сыртқы істер министрлігінің өкілі Исмаил Бағаи 16 маусым күні мәлімдеме жасап, 15 маусымда Тегеранның солтүстігіне жасалған Израиль соққысы салдарынан 17 адамның қаза тауып, 46 адамның жараланғанын айтты. Ол соққы Тегеранның солтүстігіндегі "Шохадое Таджриш" ауруханасының жанындағы көшеге тигенін, өзі жараланғандарды көру үшін сол жерге барғанын жеткізді.
Еске салсақ, 16 маусымда Израиль Қарулы күштері Иранның мемлекеттік телерадиокорпорациясы – IRIB (Islamic Republic of Iran Broadcasting) штаб-пәтеріне әуе соққысын жасады. Иранның Сыртқы істер министрлігі бұл әрекетті әскери қылмыс деп атады. Айта кетерлігі, Иран Израильге қарсы зымыран соққыларының жаңа толқынын бастады.
Белгілі болғандай, Израиль Иранмен қатар Ливанға да шабуыл жасады.
АҚШ президенті Дональд Трамп Таяу Шығыстағы қазіргі шиеленісті жағдайға байланысты G7 ("Үлкен жетілік") елдерінің бірлескен мәлімдемесінің жобасына қол қоюдан бас тартты. Сондай-ақ ол Иран мен Израиль арасындағы шиеленіске байланысты елдің Ұлттық Қауіпсіздік Кеңесінің (ҰҚК) отырысын жедел өткізуге бұйрық берді.
Ал Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяху 16 маусымда жасаған мәлімдемесінде елінің Иранға қарсы әскери операциясының басты мақсаты – Тегеранның ядролық және зымырандық бағдарламаларын жою екенін айтты.