ҰБТ-дан 140 балл алған оқушыға көлік сыйлады

Әсел ӘБІЛБЕК
25 Маусым 2025, 16:39
22618
Бөлісу:
 Білім беру орталығы
Фото: Білім беру орталығы

ҰБТ-дан шекті 140 балл жинаған Астанадағы республикалық "Зерделі" білім беру орталығының оқушысы Жанайым Рашид темір тұлпар иеленді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жанайым аталған білім беру орталығында бір жылдан аса дайындалған. Орталық басшысы, педагог Ырысбек Мәуіт ҰБТ-да ең жоғары нәтижеге қол жеткізген Жанайымға сый ретінде Zeekr маркалы заманауи электрлі көлігін сыйлады.

Жанайымның жетістігі білімге деген құштарлық пен табандылықтың үлгісі. Ол өз мақсатына шын ниетпен ұмтылды, нәтижесі де соған сай болды. Бұл автокөлік оның еңбегі. Сонымен қатар, еліміздегі барлық оқушыға шабыт сыйлайды деп ойлаймын, - деді білім беру орталығының негізін қалаушы Ырысбек Мәуіт.

Орталық соңғы жылдары ҰБТ, олимпиадалар және басқа да ұлттық деңгейдегі сынақтарға дайындайды.

ҰБТ-ға өткен жылдың тамыз айынан бастап дайындалдым. Қиын сәттер де болды. Бірақ осындай жетістікке жеткеніме өте қуаныштымын. Енді Назарбаев университетіндегі "Халықаралық қатынастар" мамандығына түскім келеді. Көлік алған кезде ерекше қуандым. Ата-анамның үмітін ақтадым, - деді Жанайым Рашид.

Еске салайық, бұған дейін түркістандық түлек ҰБТ-да 140 балл жинады.

Өзгелердің жаңалығы