Алматыда өтіп жатқан CIO Summit 2025 конференциясында Qazcontent Басқарма төрайымы Айна Задабек жасанды интеллектінің БАҚ жұмысындағы рөлі жайлы сөз қозғады, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Спикер жаңа технологиялар мен цифрлық трансформацияның қарқынды енгізілуі жағдайында ірі компаниялар мен мемлекеттік құрылымдар үшін басты міндет – тек инновацияларды енгізу ғана емес, сонымен қатар мемлекет пен бизнес арасындағы тиімді коммуникациялық өзара іс-қимылды қалыптастыру екенін айтты. Оның сөзінше, бұл үдерісте БАҚ маңызды рөл атқарады: олар жаңа технологияларды қоғамдық қабылдауды қалыптастырып, оларға деген сенімді қамтамасыз етеді.
Өзге салалар секілді медиаиндустрияда да жасанды интеллект кеңінен қолданылып жатыр. Ол медиакомпанияларға тиімді мүмкіндіктер жолын ашады. Мәселен, компаниямызда ЖИ мүмкіндіктерін енгізу бойынша кеңес құрып, БАҚ-қызметерлерін осы тақырыпта оқытып жатырмыз. Бұл ресурсымыздың әлеуетін одан сайын артттыратыны сөзсіз, – деді Qazcontent Басқарма төрайымы Айна Задабек.
Сондай-ақ саммит спикері цифрлық құрылымды арттырудағы құрылымдар байланысына тоқталды.
Медиа, мемлекет және IT саласының арасындағы серіктестік – қоғам үшін де цифрлық сенімділікті арттырады. Мәселен, мемлекет цифрлық саясат бағытын ұсынса, IT мен бизнес сектор сол инфрақұрылымды, түрлі оңтайлы шешімдерді жасап, енгізеді. Ал медиа – сол істеліп жатқан жұмысты қоғамға жеткізуші. Сондықтан бұл серіктестік қоғамға келесі құндықтарды ұсынады. Олар: ашық цифрлық күн тәртібі азаматтарды тиімді ақпараттандыруды, цифрлық сауаттылықтың артуын және қарсылық пен қорқынышты азайтуды қамтамасыз етеді, – деді Айна Задабек.
Бұған дейін Алматыда CIO Summit 2025 басталғанын хабарладық. Саммит цифрлық трансформация саласындағы негізгі көшбасшылар мен жетекші ІТ-шешім жеткізушілерін біріктіретін маңызды алаң.
Саммит барысында Қазақстанда сөйлеу тілін айыра алатын ЖИ енгізілгені айтылды.