Соңғы жылдары жасанды интеллект (ЖИ) білім беру жүйесінде кеңінен қолданыла бастады. Бұл оқытушы мамандығының болашағына қауіп төндіре ме? Қазақстандағы жетекші жоғары оқу орындарының өкілдері бұл сұраққа жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
ЖИ – бұл құрал, бірақ адамды алмастырмайды
Қазақстан-Британ техникалық университетінің проректоры Әсел Жұмасейітова ЖИ-дің ғылым мен білімдегі рөліне қатысты ойын айтты.
Жасанды интеллект – бұл құрал. Ал жаңа білімді генерациялау, ғылыми жаңалық ашу – бұл адамның, нақты зерттеушінің міндеті. Қазіргі уақытта айтылып жүрген стартаптар да сол адамның ізденісінің нәтижесі, - дейді ол.
Педагогикалық процестің тек бастапқы деңгейін ғана қамти алады
Astana IT University ректоры Асқар Хикметов жасанды интеллект пен педагогика арасындағы байланысты нақтылады.
Бұл өте терең мәселе. Жасанды интеллект қазір өте жылдам дамып жатыр. Бірақ бұл – педагогиканың сұрағы. Педагогтің оқушыға әсер етуінің алты деңгейі бар. Алғашқы екі деңгей – тек білімді беру, яғни фактілер мен анықтамаларды түсіндіру. Бұл функцияны жасанды интеллект орындай алады. Бірақ үшінші, төртінші, бесінші және алтыншы деңгейлерге келгенде, ЖИ әлі әлсіз, - деп санайды ректор.
Оның айтуынша, бұл жоғары деңгейлерде оқытушы:
• студенттің сыни ойлауын дамытады,
• құндылықтарын қалыптастырады,
• мотивация береді,
• тұлғалық жетілуіне ықпал етеді.
Қазір нақты болжам айту қиын, өйткені жасанды интеллект өте жылдам дамып келеді. Мемлекет те бұл салаға қомақты қаржы құйып жатыр. Мүмкін, алдағы уақытта кейбір пәндер ЖИ көмегімен оқытылуы мүмкін. Бірақ бұл – педагогикалық білім беру саласы аясында терең зерттелетін мәселе, – дейді ректор AI Summer School 2025-тің ресми ашылуына арналған баспасөз конференциясында.