Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісінде сөз сөйледі, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстарын күшейту қажет. Қылмыс оған қолайлы жағдай жасаған жерде өршиді. Қылмыстың және заңға қайшы әрекеттердің салдарымен ғана күресуге болмайды. Қылмысқа түрткі болатын себептерді алдын ала анықтап, жойып отыру қажет. Менің тапсырмаммен «Құқық бұзушылықтың алдын алу туралы» Заң жобасы әзірленіп, Мәжілістің қарауына берілді. Жаңа заң аталған саладағы мемлекеттік саясатты біріздендіріп, профилактикалық шаралармен қамтылатын тұлғалардың санатын кеңейтеді. Мұндай заң сөзсіз керек. Сондықтан мейлінше тез қабылдау қажет. Парламент депутаттарынан заң жобасын жылдың соңына дейін қарап, қабылдауды сұраймын, - деді президент.
Оның айтуынша, заңнамалық өзгерістермен қатар, ұйымдық құрылымды да жаңғырту қажет. Ішкі істер министрлігі жүйесінде профилактикалық жұмыстарды үйлестіретін дербес бөлімше құратын уақыт келді.
Құқық қорғау органдарының тиімділігін бағалау жүйесіне де өзгеріс қажет. Онда құқық бұзушылықты ескерту бағытындағы жұмыс нәтижесі есепке алынуға тиіс. Қылмысқа көбінесе тұрмысы нашар отбасыдан шыққан адамдар барады. Алдын алу шараларын жүзеге асырғанда дәл осы санатқа айрықша назар аударған жөн. Бұл ретте әлеуметтік қорғау органдары мен жергілікті билік маңызды рөл атқарады. Көптеген құқық бұзушылық ұқсас жағдайда, бірдей факторлардың әсерінен орын алады. Тиісті деңгейде талдау жасалса, оны дер кезінде ауыздықтауға болады. Басқаша айтқанда, қылмыс қаупін болжау және оған қарсы іс-қимыл жүйесін қайта қарау керек, - деді ол.
Ол үшін Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің әлеуетін толық пайдаланған жөн. Аталған ведомство жай ғана есеп сақтайтын орын емес, қоғамдық қауіпсіздік саласындағы қауіп-қатерді анықтайтын және ескертумен айналысатын орталық болуға тиіс.
Жасанды интеллект пен «үлкен дерекқор» мүмкіндіктерін жұмылдыру қажет. Көп ұзамай іске қосылатын суперкомпьютерімізді осы мақсатта пайдалануға болады. Жалпы, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласына цифрлық технологиялар мен басқа да озық шешімдерді енгізуді жалғастыру керек. Мұнда салалық министрлік негізгі рөл атқарады. Жұмыс үдерісін барынша цифрландыруды тапсырамын. Бұл тиімділікті арттырып, жемқорлық тәуекелдерін азайтады. Жасанды интеллект технологиялары құқық қолдану тәжірибесін стандарттауға көмектеседі. Бұл, өз кезегінде, бірдей қылмыстық әрекет мүлде әртүрлі бағаланатын және азаматтарды қылмыстық процеске негізсіз тартатын жағдайды болдырмауға мүмкіндік береді, - деп атап өтті Тоқаев.