Бүгін Мәжілісте Конституцияның 30 жылдығына орай рақымшылық жариялауды көздейтін заң жобасы қаралды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Заң жобасының екінші бабына сәйкес, егер қылмыс адамға зиян келтірмесе немесе келтірілген залал өтелсе, орташа ауырлықтағы қылмыс жасағандарға рақымшылық қарастырылған. Сондай-ақ ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін жаза мерзімін қысқарту мүмкіндігі де бар.
Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи бұл мәселені нақтылау үшін сұрақ қойды.
Бізде сыбайлас жемқорлық деген бір дерт бар. Осылардың жағдайы не болады? Оларды біз рақымшылыққа жатқызамыз ба? Себебі жемқорлықтың үлкен-кішісі болмайды. Аздап жемқорлық, толық жемқорлық деген болмайды. Сонда оны қалай жіктейсіздер? – деді ол.
Осыған жауап берген депутат Абзал Құспан заң жобасында бұл мәселеге нақты шектеулер қойылғанын айтты.
Заң жобасының 4-бабында рақымшылық қолданылмайтын баптар анық көрсетілген. Соның ішінде сыбайлас жемқорлық сипатындағы барлық қылмыстарға рақымшылық қарастырылмайды. Қазіргі таңда бас бостандығынан айыру орындарында 624 адам осы қылмыстары үшін жазасын өтеп жатыр. Олардың ешқайсысына рақымшылық қолданылмайды, – деді ол.
Бұған дейін Қазақстанда сотталғандарға рақымшылық жасалуы мүмкін екенін жаздық. Белгілі болғандай, Қазақстанда 18-ге толмаған 75 бала түрмеде жазасын өтеп жатыр.