Биыл Ұлы Жеңіске 80 жыл толады. Осы орайда Астанада ауқымды әскери парад пен аймақтарда көптенен іс-шаралар ұйымдастырылады. Соларға шолу жасап көрген едік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Соғыс пен бейбітшіліктің рәміздері: Астанада қандай шара өтеді
Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парад Астанада өтеді. Парад үш кезеңнен тұрады.
- Жаяу әскер шеруі – тарих пен қазіргі заман бөлімдерінен тұрады.
- Механикаландырылған колонналар – тарихи және заманауи әскери техникалар көрсетіледі
- Әскери авиацияның ұшуы – шараның соңғы бөлігі. Биылғы парад рәміздермен ерекшеленеді.
Әскери қызметкерлер соғыс жылдарындағы формада шеруге шығып, Қазақстан аумағында құрылған әскери бөлімдердің жауынгерлік тулары алғаш рет алаңда көрсетіледі. Сонымен қатар, соңғы жылдары сатып алынған заманауи қару-жарақ пен техникалар да таныстырылады. Парадты бүкіл ел бойынша LED-экрандарда трансляциялау жоспарланған. Жалпы қатысушылар саны 4,5 мың адам, олардың қатарында 250-ге жуық кадет болады. Ұлы Отан соғысының ардагерлері құрметті қонақ ретінде қатысады. Әскери шерудің әуе бөлімінде 23 тікұшақ пен 44 түрлі әскери ұшақ қатысады. Парадтың финалында 300 музыканттан тұратын біріктірілген әскери оркестр өнер көрсетеді.
Айта кету керек, парад тек Астанада өтеді, ал өңірлерде әскери техниканың шеруі қарастырылмаған.
Парадты ұйымдастыруға 2,5 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаражат жанармай сатып алуға, әскерилердің іссапар шығындарына, әскердің тасымалдануына, сондай-ақ отандық компаниялар тігетін әскери формаларға жұмсалады. Жеңістің 80 жылдығына орай, соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін қоса алғанда, 42 мың адамға естелік медаль табыстау жоспарланған.
Алматыда қандай іс-шара өтеді?
Арнайы іс-шаралар жоспары жасалып, ардагерлер мен соғысқа қатысушыларға бір реттік әлеуметтік көмек төлеу қарастырылған. Негізгі мерекелік шара 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақта өтеді. Сондай-ақ ардагерлер мен қала тұрғындарының қатысуымен гүл шоқтарын қою рәсімі, әскери қызметшілердің салтанатты маршы, мерекелік концерт және “солдат ботқасымен” ас беру ұйымдастырылады.
Мерекелік іс-шаралар аясында мектептер мен жоғары оқу орындарында конференциялар, кездесулер, “ерлік сабақтары”, кітап көрмелері және соғыс ардагерлері мен әскери қызметкерлердің қатысуымен тарихи бұрыштар ұйымдастырылады. Алматының әртүрлі аудандарында соғыс батырларына арналған ескерткіштерге, бюсттерге және мемориалдық тақталарға гүл қою рәсімдері өтеді.
Ақтау қаласы
Қала көшелері мерекелік баннерлермен, тақырыптық жалаушалармен және мемлекеттік тумен безендіріледі. 9 мамырдағы басты шаралар “Мәңгілік алау” мемориалында өтеді. Мұнда театрландырылған қойылымдар, соғыс жылдарынан сыр шертетін көрмелер ұйымдастырылады.
Семей: Жеңіс әндері
Семейде "Жеңіске 100 күн"акциясы аясында жергілікті әскери оркестр қала автобусында импровизациялық концерт өткізіп, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы әйгілі әндерді орындады.
Сондай-ақ, қалада соғысқа қатысқан семейліктер туралы деректерді жинақтайтын «Боздақтар» атты арнайы сайт іске қосылды.
9 мамырда Семейде дәстүрлі әскери парад және "Мәңгілік полк"шеруі өтеді. Қала тұрғындары мен қонақтары Мәңгілік алау мемориалына және батырларға арналған ескерткіштерге гүл шоқтарын қояды.
Мерекелік бағдарламаға:
• Концерттер, театрландырылған қойылымдар
• Ардагерлерді үйлерінде құттықтау және қайырымдылық акциялары
• Дәстүрлі солдат ботқасын тарату
• Қалада батырлардың фотосуреттері бейнеленген арнайы баннерлер орнату кіреді.
Талдықорған
Талдықорғаннан Жеңістің 80 жылдығына арналған басты әскери парадқа қатысу үшін Астанаға 50-ге жуық әскери қызметкер, соның ішінде Жетісу облыстық әскери гарнизонының біріккен әскери оркестр музыканттары аттанады.
Қалада мерекеге дайындық басталған. Наурыз-сәуір айларында Орталық саябақтағы Даңқ обелискі мен Еркін және Өтенай ауылдық округтеріндегі Жеңіс монументтері жөндеуден өтеді.
Қызылорда қаласы
Қызылорда қаласы Астанадағы әскери парадқа арнайы делегация жібереді. Қалада келесідей іс-шаралар өтеді:
• Гүл қою рәсімдері – соғыс батырларының ескерткіштеріне;
• Концерттер мен театрландырылған қойылымдар;
• Патриоттық акциялар – "Жеңіс лентасы" және "Менің атам – майдангер!";
• Музей акциясы – "80 жыл – 80 экспонат" (соғыс жылдарынан қалған жәдігерлер жинағы);
• Әлеуметтік қолдау – тыл ардагерлеріне медициналық және қаржылай көмек көрсетіледі;
Түркістан қаласы
Түркістан: тарихи кештер мен далалық асхана
Түркістанда Жеңістің 80 жылдығына орай Жеңіс саябағында “Мәңгілік алау” мемориалына гүл қою рәсімі өтеді. Сол жерде театрландырылған көрініс пен концерт ұйымдастырылады.