Жетісуда Наурыз мерекесі қалай тойланды?

25 Наурыз 2025, 20:31
344
Бөлісу:
Жетісуда Наурыз мерекесі қалай тойланды?
Фото: автордан

Ұлыстың ұлы күні қазақ әдебиетінің алыптарына арнап, арнайы киіз үй тігілді. Сондай-ақ, қазақтың ескі әдет-ғұрыптары насихатталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жергілікті ақын-жазушылар ұлықталды

​Биылғы әз Наурыздың бәсі бөлек болды. Ондаған киіз үй тігіліп, мыңдаған халық көшеге шықты. Наурызнама онкүндігі аясында түрлі іс-шаралар өтіп, аудандарда да ұлан-асыр той болды. Мәселен, тұсаукесу рәсімі бойынша бұрын-соңды елімізде болмаған айтулы оқиға өтті. Бір сәтте 4 жүзге тарта бала алғашқы қадамын жасады. Алыстағы елді мекендерде шағын емханалар ашылып, 10 мыңнан астам ағаш отырғызылды. Ұлттық ойындар ұйымдастырылып, халық арасында жарапазан айту дәстүрі жалғасты. Қариялар бұлақтың көзін ашып, жастарға ақ батасын берді. Наурыз көже тегін таратылып, қонаққа келген қала тұрғындарына дастарқан жайылды.

Наруыз мерекесіне қарсы облыс орталығы Талдықорған шаһарында үлкен мәдени шаралар атқарылды. Жалпы алаңға 30 мыңнана астам халық жиналды. Бүгін бір ұлан асыр тойды атап өтткі десек болады. Мәдениет басқармасы бастаған қызметкерлер наурыз тойы өткізілген алаңдыда тазалық жұмысын жүргізді. Әрқашан өз еліміздің тазалағын сақтау әр азаматтың парызы. Мереке аясында осындай игілікті іске бет бұрдық. Бұл бстаманы басқа өңірлерде іліп әкетіп, ел мен жердің тазалығын сақтаса дейміз, - дейді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қуаныш Сүлейменов.

​Шынымен облыста мерекелік көңіл күй керуені сезіліп тұрды. Күн шапағына бөленген Жетісу өлкесі Әз-Наурызды ерекше салтанатпен қарсы алды. Бұл күні табиғатпен бірге халықтың да көңілі жадырап, ғасырлардан жеткен көне дәстүр қайта жаңғырды. Талдықорғандағы «Жастар» саябағында, көк күмбезді киіз үйлер тігілді. Олар тек сәндік үшін емес, тағылымға толы тарихтың бір-бір парағы іспетті. Саябақ төрінде бірнеше киіз үй тігіліп, қазақ тарихында өшпес із қалдырған тұлғаларға арналған арнайы ауылдар бой көтерді.

Наурызды жыл сайын асыға күтемін, өйткені бұл – халқымыздың бірлігін, ұлттық рухын сезінетін ерекше күн. Көпті көрген адам ретінде айтарым, бұрын мұндай үлкен шаралар сирек өтетін. Ал биылғы Наурыздың ауқымы кеңейіп, ерекше мазмұнмен өтті. Маған ең ұнағаны – халқымыздың біртуар перзенттеріне арналған ауылдардың құрылуы. Жастарға олардың еңбегін таныстыру – өте құптарлық іс. Киіз үйлердің ішін аралап жүріп, Бақтыбай Жолбарысұлы, Қанабек Байсейітов сияқты тұлғалар туралы мәліметтерді оқып, тыңдап, олардың қазақ мәдениетіне қосқан үлесі жайлы кеңінен білдім. Бұл – тек қарттарға емес, жас буынға да үлкен сабақ. Осы дәстүр ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, әр жыл сайын Наурыз мерекесі осындай тағылымды шаралармен толықтырылып отырса, келешек ұрпақ ұлттық тарих пен мәдениетті тереңірек түсінетін болады. Сондай-ақ, мерекелік концерт те көңілімнен шықты. Жергілікті өнерпаздардың орындауындағы халық әндері мен күй тарту сәттері жанымды тербетіп, еріксіз өткенге саяхат жасағандай болдым. Наурыз – тек көктем мерекесі емес, бұл – халқымыздың болмысын танытатын ерекше күн, - дейді Еңбек ауылының тұрғыны Қайрат Әбілов.

​190 жылдық мерейтойына орай «Бақтыбай Жолбарысұлы ауылы» мен «Шоқан Уәлиханов ауылы», 180 жылдығына орай «Абай Құнанбайұлы ауылы», 120 жылдығына орай «Қанабек Байсейітов ауылы», 95 жылдығына байланысты «Әнуар Әлімжанов ауылы», 80 жылдығына арналған «Жұматай Жақыпбаев ауылы» мен «Құман Тастанбеков ауылы» құрылды. Бұл ауылдарда ұлы тұлғалардың өмірі мен шығармашылығын таныстыратын көрмелер ұйымдастырылып, театрландырылған қойылымдар қойылды.

Наурыз – мен үшін тек көктемнің келуі ғана емес, отбасыма дәстүрдің маңыздылығын көрсетуге үлкен мүмкіндік. Биыл балаларымды алып, осы мерекелік шараға арнайы келдік. Жыл сайын тойланатын Наурызды көріп жүргенімізбен, мұншалықты ауқымды әрі мазмұнды бағдарламаны бірінші рет көріп тұрмыз. Әсіресе, ұлттық тағамдар көрмесі мен «Шеберлер ауылы» ерекше ұнады. Киіз үйлердің ішінде әжелер бауырсақ пісіріп, қымыз ұсынып жатты. Балаларым да бұл көріністен ерекше әсер алды. Олар наурыз көжеден дәм татып, киіз үйдің ішкі көрінісін тамашалап, тіпті асық атып, арқан тартысқа қатысып көрді. Ата-бабамыздан келе жатқан дәстүрімізді ұрпағымыз ұмытпай, жалғастырып отырса – Наурыздың басты мағынасы да осы деп білемін. Осындай іс-шараларды ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін. Жыл сайын мерекенің мәні артып, ұлттық құндылықтарымыз насихаттала берсін” дейді қала тұрғыны Айжан Сәрсенбек. 

Әр тұрғын атсалысты

Биылғы Наурыз мейрамы аясында облыс бойынша 230-дан астам іс-шара ұйымдастырылып, 5 мың түп ағаш отырғызылды. Қайырымдылық акциялары өткізіліп, көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсетілді. Мерекелік шара аясында ұлттық спорт түрлерінен сайыстар өтті. «Талдықорған барысы» белдесулерінің ақтық кезеңі өтіп, жеңімпаздар анықталды. Сонымен қатар, жас спортшыларға футбол доптары тарту етілді.

Осы жылғы Наурыз мерекесі мен үшін ерекше есте қалды. Бұрын мұндай іс-шараларға аса мән бермейтінмін, алайда биыл достарыммен бірге киіз үйлерді аралап, тарихи көрмелерді тамашалап, жаңа дүниелермен таныстым. Әсіресе, қазақтың танымал тұлғаларының құрметіне арнайы ауылдардың құрылуы қатты ұнады. Бұрын тек кітаптан ғана оқитын Шоқан Уәлиханов пен Абай Құнанбайұлы жайлы қызықты деректер естіп, олардың еңбегінің қаншалықты маңызды екенін түсіндім. Сонымен қатар, ұлттық ойындар мен спорттық жарыстар ерекше әсер қалдырды. «Талдықорған барысы» сайысын көріп, өзім де келесі жылы қатыссам деген ой келді. Мұндай мерекелер тек көңіл көтеру үшін ғана емес, халқымыздың мәдениеті мен салт-дәстүрін тереңірек түсінуге мүмкіндік беретіні қуантады. Алдағы уақытта осындай іс-шаралар жиі өткізіліп, жастарды ұлттық мұраға жақындата берсе екен” дейді студент Ерасыл Тұрсынбай.

Этно-мәдени шаралар шеңберінде «Шеберлер ауылында» қолөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылды. Қала кәсіпкерлері «Қазақстанда жасалған» жәрмеңкесінде өз өнімдерін ұсынды. Ұлттық тағамдар көрмесі өтіп, көпшілікке наурыз көже ұсынылды. Наурыз мейрамының соңында Жетісу облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен «Наурыз шашу» атты концерттік бағдарлама өтті. Өңірдегі барлық аудан-қалаларда бұқаралық мерекелік шаралар жалғасын тауып, түрлі мәдени-спорттық сайыстар өткізілді. Мерекелік бағдарламадан кейін қала тазалығын сақтау мақсатында «Жастар» саябағында сенбілік ұйымдастырылды. Бұл шараға облыстық мәдениет саласының қызметкерлері мен еріктілер қатысты.

Айта кетейік, ең басты жаңалықтың бірі мереке қарсыныңда өңірдің шекаралық ауданында 4 бірдей дәрігерлік амбулаторияның есігі ашылды. Ақжолтай жаңалықты панфиловтықтар ерекше ықыласпен қабылдады. Атап айтсақ, Алмалы, Қырыққұдық, Тұрпан, Ақжазық елді мекендерінің тұрғындары енді өзінің емханасында емделеді. Алдағы уақытта саны 8 мыңнан астам тұрғынды қамтитын ауыл жаңа үлгіде салынған нысанда медициналық көмек ала алады.

Осы күнге дейін кеңес заманынан келе жатқан ескі ғимараттарда емделген жұрттың тілегі қабыл болды. Былтыр көктемде салына бастаған дәрігерлік амбулатория ғимараттары Наурыз мерекесіне орай пайдалануға берілді. Бұл нысандардың әрқайсысы 448 шаршы метрді құрайды. Төртеуі бір үлгіде салынып, қажетті заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мысалы, нысанда күндізгі бөлім, оңалту бөлмесі, зертхана және алғашқы көмек сынды қызметтер көрсетіліп, күнделікті ем-шаралар жүргізуге толық мүмкіндік жасалған. Медициналық мекемелердің әрқайсыcы дәрігермен және орта буын медицина мамандарымен толықтай қамтылған.

Зейнетке шыққанға дейін медицина саласыда еңбек еттім. Ол заманда шағын метпунк болатын. Сонда халық барып емделетін. Орталық аурухана алыс болғандықтан әбігерге түсетін жұрттың бір тілегі осы еді. Наурыз мерекесі қарсаныңда қос қуаныш болып жатыр.Қызмет көрсететін медицина мамандарының саны да біраз артыпты. Біз бұрын қағаздарды қолмен толтырып, алынған анализдерді Жаркентке таситынбыз. Бүгінде бұл үдеріс өзгерген. Қазір жаңа нысанды аралап көрдік, заманауи аппараттар, құрал-жабдықтар бәрі бар екен. Ауылымыздың өсіп-өркендеп келе жатқанына дән ризамын, дейді зейнеткер Айман Алпысбаева.

Жалпы, шекаралық аудандардың бір мәселесі осы емхана жайы еді. Биыл дәл осындай бірнеше аурухана іске қосылады. Былтыр да ондаған ауылға медициналық пунктер салынып, халық мәре-сәре болған еді.

Өткен жылдан бері көпке мәлім «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасымен 16 медициналық нысан салына бастады. Былтыр жылдың аяғы 4 медпункт пайдалануға берілсе, осы жылы міне 5 дәрігерлік амбулаторияның есігі ашылды. Бүгінде 6 фельдшерлік акушерлік пункт салынып жатыр. Оған қоса Дарбазақұм, Сарпылдақ, Көктал-Арасан ауылдарында медициналық пункт тұрғызылуда. Сарыбел және Үшарал ауылдарында дәрігерлік амбулаторияларға күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Ауыл ауылдарды толық емханамен қамту маңызды, дейді ауданаралық көп салалы ауруханасы директорының орынбасары Алтынай Күдерова

Өңір әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, өңір көлемінде алдағы уақытта 35 фельдшерлік-акушерлік пункт, 4 дәрігерлік амбулатория, 20 медициналық пункт салынбақ. Сонымен қатар, 4 жедел жәрдем станциясы және ҚАЖК-нің 1 медициналық қызметі нысанының құрылысы жүреді деп күтіледі.

Өзгелердің жаңалығы