"Елдос ағаммен ақылдасамын": 20 жастағы Нұрқанат Серікбаев алғаш рет әлем чемпионатында бақ сынайды

Дзюдо

7 мамыр күні Катар астанасы Дохада дзюдодан кезекті әлем чемпионаты басталады. Олимпиадаға ұпай тарататын байрақты додаға қазақ балуаны Нұрқанат Серікбаев та қатыспақ. Талантты дзюдошы өз мансабындағы алғашқы әлемдік сын алдында жоспарымен бөлісті, деп хабарлайды Bassport.kz тілшісі. 

"Әлем чемпионатына тұңғыш рет қатысқалы тұрмын. Бар күш-жігерімді осы жарысқа саламын. Бұл салмақтағы басты фавориттердің бірі Елдос Сметов ағамыз да әлемдік сынға аттанады. Ол өте тәжірибелі балуан және дзюдоның біз білмейтін қыр-сырларын үнемі айтып отырады. Бізге жігер беріп отырады үнемі. Сол үшін ағамызға үлкен рахмет айтамын. Бұйырса, Елдос Сметовпен бірге әлем чемпионатында өнер көрсеткелі жатырмын", - деді Серікбаев. 

Сондай-ақ Нұрқанат жасөспірімдер мен ересектер арасындағы әлем чемпионаттарының айырмасы жер мен көктей екенін айтты. 

"Әрине, екеуінің орны екі бөлек. Ересектер арасындағы әлем біріншілігінің бәсі өте жоғары. Сондықтан мықты дайындық керек бұл турнирге. Мысалы, Такато сынды татамидің хас шебері қатысады. Одан бөлек, өзіммен бірге келе жатқан грузиялық, әзірбайжандық жастар бар. Олардың да деңгейі өскені байқалады. Жақында өткен Антальядағы Grand Slam турнирінен бірінші орын алдым. Енді әлем чемпионатында жақсы өнер көрсетсем деген мақсатым бар. Шыны керек, қарсыластардың бәрін зерттеп алдым демеймін. Десе де, "мен" деген балуандардың біразын білемін. Қалғанын жеребе көрсетеді. Елдос ағам екеуміз ақылдасып, бірге шығамыз", - деді Нұрқанат.

Айта кетелік, Нұрқанат Серікбаев жастар арасынан ересектер қатарына биылғы маусымда өтті. Ол Ташкент пен Антальяда өткен Grand Slam турнирінде үздік үштікке енді.