Президент Тоқаев Азия ойындарының чемпионының тойына баруы мүмкін

Президент Тоқаев Азия ойындарының чемпионының тойына баруы мүмкін
Азиада 2023

Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен ХІХ жазғы Азия ойындарында стенд атудан екі алтын алған Әсем Орынбай президент Қасым-Жомарт Тоқаевты ұзату тойына шақырды, деп хабарлайды BasSport.kz.

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, қадірменді достар! Өздеріңіз көргендей биылғы Азия ойындарында бәсеке жоғары болды. Дегенмен, біз қалайда жеңіске жету керек деп мақсат қойдық. Сол мақсатымызға жетіп отырмыз. Бұл жолы да бізбен бірге жаттықтырушылар және спорт саласындағы көптеген маман тер төкті. Дайындыққа федерация да көп үлес қосты. Сондықтан бұл біздің ортақ жеңісіміз деп білемін. Баршаға алғыс айтамын!», – деді Әсем Орынбай.

Оның айтуынша, бірлескен жұмыс болмаса, нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес.

Себебі біздің спорт түрінің өзіндік ерекшеліктері бар. Бұл жерде тек физикалық күш емес, сонымен қатар жүйке мықтылығы маңызды рөл атқарады. Біз еліміздің атын шығаруға барлық күш-жігерімізді жұмсаймыз. Келер жылғы Олимпиада ойындарында жоғары нәтиже көрсету үшін күш саламыз. Уәде береміз! Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, мен спорттың арқасында өзімнің болашақ жарымды кездестіріп отырмын. Ол да спортшы. Қараша айында бізде той болады. Сізді тойымыздың қадірлі қонағы болуға шақырамыз, – деді Азия ойындарының жеңімпазы.