"Ол өзі сұранды": Данияр Елеусіновтің Астанадағы бокс кешіне неліктен қатысатыны белгілі болды

Бокс

Ертең Астанада Халықаралық бокс қауымдастығының (IBA) ұйымдастыруымен "Чемпиондар түні" бокс кеші өтеді. Аталған сынға Қазақстан құрамасы сапындағы чемпиондар мен кәсіби бокста бақ сынап жүрген Данияр Елеусінов те қатысады, деп жазады Bassport.kz. 

Біраз уақыттан бері менеджерімен арадағы кикілжіңге байланысты жекпе-жек өткізбеген Елеусінов өз елінде шаршы алаңға шықпақ. 

Кәсіби бокста жүрген Даниярдың әуесқойлар арасына қайта оралу себебін Қазақстан бокс федерациясының вице-президенті Азиз Қожамбетов түсіндірді. 

"Данияр Астанада өткен бокстан жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында қонақ болды. Сол кезде ІВА өкілдерімен сөйлесіп, осы кездесуге қатысуға өзі сұранды. Алдағы уақытта да "Чемпиондар түні" жобасы арқылы шаршы алаңға шығуды жоспарлап жүр. Бірақ ол алты раундтық жекпе-жек өткізеді. Яғни, әуесқой бокс ережесімен жұдырықтасады. Елеусіновтің ұзақ уақыт бойы бокстан сырт қалғанын білесіздер. Ал кәсіби спортшыға кездесу өткізу, жұдырықтасу өте маңызды", - деді Қожамбетов. 

Айта кетелік, "Чемпиондар түні" жобасы 15 желтоқсан күні Астанада өтеді.