Мырзағали Айтжанов:Лицензиялық турнир тартымдылығы жөнінен әлем чемпионатынан асып түсті

Мырзағали Айтжанов:Лицензиялық турнир тартымдылығы жөнінен әлем чемпионатынан асып түсті

Бокстан Қазақстан командасы Италияның Бусто-Арсицио қаласынан бес жолдамамен оралды. Ұлттық құрама сапынан Сәкен Бибосынов (51 келі), Махмұд Сабырхан (57 келі), Асланбек Шымбергенов (71 келі), Нұрбек Оралбай (80 келі) және Айбек Оралбай (92 келі) Париж Олимпиадасына лицензия жеңіп алды. Тек 63,5 келі салмақта жолдама мәселесі шешілген жоқ. Осы орайда, команданың бас бапкері Мырзағали Айтжанов әлемдік лицензиялық турнирді қорытындылап,Olympic.kz сайтына арнайы сұхбат берді,деп хабарлайды BasSport.kz.


 Құраманың бас жаттықтырушысы Италиядағы турнирдің ешкімге оңай соқпағанын айтты.


«Жігіттердің аяқ алысын бүкіл ел көрді. Жарыс оңай болған жоқ, қатысушылар құрамына қарап, әлем чемпионатына пара-пар турнир дер едім. Олимпиада жолдамасы үшін таласқан боксшылардың жекпе-жегі тартымдылығы жөнінен әлем біріншілігінен де асып түсті. Мұны мен ғана емес, әлемдік әріптестерім де мойындайды. Куба, АҚШ, Америка, Ұлыбритания бапкерлері де Италия төріндегі қызу бәселекестікке таң қалып: «Әлем чемпионатынан да артық өтіп жатыр», - десті. Олимпиадаға жолдама беретін жарыс ешқашан да төмен деңгейде өтпейді. Мұндағы бәсекелестік тым жоғары болды», - дейді команда бас бапкері.


Сондай-ақ, жолдама мәселесі шешілмеген жалғыз салмақ дәрежесіне де тоқталды.


«63,5 келіде сынға түскен Мұхаммедсабыр Базарбайұлына тек қана тәжірибе жетіспеді. Тәжірибенің аздығынан ғана ұтылды. Ал ынтасы, күш-жігері, жеңіске деген құштарлығы зор болды деп сеніммен айтамын. Асығыстық танытқан жерлері бар. Аталған жекпе-жекте қалайда жеңіске жетемін деген оймен, қателікке бой алдырғаны да рас. Бірақ сол кездесуде біздің боксшы жеңілді дей алмаймын. Жеңіс бұйырмай тұр екен. Таиландта өтетін соңғы лицензиялық турнирге бұл салмақтан кім баратыны белгісіз. Әлі де іріктейміз. Ең мықтысын ғана жарысқа қосамыз.», - деді команда жетекшісі.