Бас бапкер Қазақстан құрамасының командалық жарыста неге жүлдесіз қалғанын айтты

Бас бапкер Қазақстан құрамасының командалық жарыста неге жүлдесіз қалғанын айтты
Гимнастика

Спорттық гимнастикадан Қазақстан құрамасының бас бапкері Александр Ким Ташкенттегі Азия чемпионатында командалық жарыстан медаль болмауына не себеп екенін айтты, деп жазады Bassport.kz.

Бас бапкердің мәліметінше, жарыс кезінде қазақстандық Ілияс Азизов аяғын ауыр жарақаттаған.

«Ташкенттегі турнирге команда жақсы дайындықпен келді. Десе де, Ілияс Азизовтың жарақаттанып қалғаны қиын болды. Егер Ілияс сапта болғанда, командалық турнирден жүлде алатын едік. Былтырғы Азия біріншілігінде алғаш рет командалық жарыста үштікке еніп, жанкүйерді қуантып едік. Осы жолы жарақат жолымызды байлады. Ілияс кермедегі жаттығуын орындау кезінде аяғын жарақаттап алды. Бірден жарыстан бас тартты. Енді оның жарақаты қаншалықты ауыр екенін бағамдаймыз. Қазір дәрігерлер бақылауында.
Ал біздің құрлықтағы басты қарсыластарымыздың бірі - Өзбекстан құрамасы күміс медаль алып, өз тарихын жаңартып отыр. Алғаш рет командалық сында Жапония жүлде алмады, себебі, олар бұл жарысқа келген жоқ. Қытай командасы негізгі спортшыларын жібермей, қосалқы құрамдағы атлеттерге мүмкіндік берген. Соның өзінде командалық сында топ жарды.
Оңтүстік Корея спортшылары бар күшін салған жоқ. Біз төртінші орында қалдық. Қатысушылардың құрамы қандай болса да, бұл Азия чемпионатының деңгейін түсірмейді. Тарихта кімнің жарысқа қатысып, қатыспағаны емес, жеңімпаз бен жүлдегерлердің есімі қалады», - деді бас бапкер.