ФИФА Президенті әлем чемпионатының топтық кезеңі туралы ойымен бөлісті

ФИФА Президенті әлем чемпионатының топтық кезеңі туралы ойымен бөлісті
Футбол

ФИФА Президенті Джанни Инфантино Катардағы әлем чемпионатының топтық кезеңі туралы ойымен бөлісіп, оның тарихтағы ең үздік іріктеу кезеңі болғанын айтты, деп хабарлайды bassport.kz тілшісі. 

Футболдан Катардағы әлем чемпионатының топтық кезеңіне 2,45 миллион адам барған. Ал футбол тойын теледидар арқылы тамашалап жүрген жанкүйердің саны 2 миллиардтан асады. Сондай-ақ, жаһан біріншілігінің 1/8 финалдық кезеңінде барлығы 28 гол соғылды. Бұл - әлем чемпионаты іріктеу кезеңіне 1/8 финал енгізілген 1986 жылдан бастап тіркелген ең үздік көрсеткіш.  

- Барлық матчтарды өз көзіммен көрдім және бұл футболдан әлем чемпионаттары тарихындағы ең үздік топтық кезең болды. Ол футболдың болашағы бар екенін көрсетеді. Әдемі стадиондарда өткен матчтардың сапасы жоғары болды, ондағы көрермен де ойынның көркін келтірді. Бір матчқа орта есеппен 51 000 жанкүйер келген.

Ал 2 миллиард адамның теледидар арқылы футбол бәсекесін тамашалауы - бұрын-соңды болмаған жағдай. Күн сайын Доха көшелерінен 2,5 миллион жанкүйерді көруге болады және мыңдаған футбол сүйер қауым стадионға барып, өз командасына қолдау көрсетіп жүр. Катардағы әлем чемпионатында таңғажайып атмосфера, ерекше қобалжу сезімі мен тосынсыйлар бар. 

Енді әлем біріншіліктерінде ұлттық құрамалар аутсайдерлер мен грандтарға бөлінбейді. Өйткені, деңгей теңескен. Тарихта тұңғыш рет алты құрлық құрамалары плей-офф кезеңіне шықты. Бұл футболдың, расымен, кең таралғанын көрсетеді. 

Әлем чемпионаты қалай таңғажайып болып басталса, солай аяқталады деп үміт етеміз. Әлемнің 5 миллиард адамы футбол бәсекесін қарайтын күнге жететінімізге сенімдімін. Стадиондардағы жанкүйерлерге келер болсақ, әр матч сайын ареналар лық толы деуге болады. Жанкүйерлерге арналған фестивальдарде, әртүрлі фан-аймақтарда доп бәсекесінен ләззат алып жүрген футбол сүйер қауымның қарасы қалың. Біз әлемдегі барша жанға қуаныш пен күлкі сыйлағымыз келеді. Бұл - футболдың, әлем чемпионатының басты мақсаты. Солай болған және солай бола береді де", - деп келтіреді Инфантиноның сөзін ФИФА баспасөз қызметі. 
Футболдан 2022  жылғы әлем чемпионаты 18 желтоқсанға дейін жалғасады. Әлем үздігі анықталатын финалдық ойын Лусаилдағы "Лусаил Айконик" стадионында өтеді. Ал ертең, 9 желтоқсан күні әлем біріншілігінің ширек финалдық бәсекелері басталады.