Украиналық жас талант “Челсидегі” мансабын бастауға дайындалуда және трансфер жайындағы өзге де деректер

Украиналық жас талант “Челсидегі” мансабын бастауға дайындалуда және трансфер жайындағы өзге де деректер
Футбол

Украиналық жас талант, "Шахтердің" экс-футболшысы Михаил Мудрик ағылшындлық "Челси футбол клубымен келісімшартқа отырды. Ойыншы "Челси" сапында медициналық тексерістен өтті, тіпті оның ресми таныстырылымы да өтіп үлгерді, деп хабарлайды bassport.kz тілшісі. 

22 жастағы футболшы "Челсимен" 8,5 жылға келісімшарт жасасқан. 2031 жылға дейін ағылшындық клуб сапында өнер көрсететін Мудрик үшін "Челси" көп қаржы жұмсаған. Клуб "Шахтерге" 70 млн еуро төлейді, оған қоса 40 млн сыйақы беріледі деп келіскен. 

"Шахтер" үшін Мудрикті жақсы бағаға сату - маңызды стратегиялық қадам. Өйткені, келісімшартын өз шешімімен тоқтатқан шетелдік ойыншылардың салдарынан украиналық команда қарызға белшесінен батқан. Сол үшін де "Шахтер" Мудрикті тиімді бағаға сату жолдарын қарастырып және соған қол жеткізген. 

Бұған дейін "Арсенал" 22 жастағы футболшыны өз қатарына қосу үшін көп еңбектенді. Клуб өткен жылдың қарашасында ойыншыны сатып алу үшін 50 млн еуро, кейін 70 млн еуро ұсынған. Алайда "Шахтер" мұның барлығына келіспей, ойыншы үшін 100 млн еуро сұраған. 

Ал Михаилдің өзі соңына дейін "Арсенал" қатарына қосылғысы келген. Алғашында клубтың әлеуметтік желідегі парақшаларына тіркеліп, командаға ауысуы ниеті бар екенін танытқан. Алайда "Шахтер" сұрап отырған бағаны естіп, өз таңқалғанын жеткізді. Артетаның қол астында ойнауды қатты қалаған украиналық жас талантты ойынан қайтарған кім?

Инсайдер Фабрицио Романоның хабарлауынша, Грэм Поттер ойыншымен келісімге келу үшін өзі телефон арқылы сөйлесіп, "Челсиге" қосылуға көндіріп, клбутың жаңа жобасы туралы айтқан. 

Осыдан кейін Михаил Мудриктің өзі "Челсиге" ауысуы туралы келесідей пікір айтты:

"Челсимен" келісімшартқа отырғаныма өте қуаныштымын. Бұл - таңғажайып лигада өнер көрсететін үлкен клуб. Мансабымның қазіргі кезеңінде мен үшін өте қызықты жоба болмақ. 

Жаңа әріптестеріммен танысқаныма қуаныштымын және Грэм Поттер мен көмекшілерінің қол астында жұмыс істеп, жаңа тәжірибе жинайтын күнді асыға күтемін", - деді футболшы. 

Михаил Мудриктің трансфері АПЛ тарихындағы ең қымбат келісімдердің біріне айналды. Ол ағылшын Премьер-лигасы тарихындағы ең қымбат бес, ал "Челси" тарихындағы ең құны жоғары екі трансфердің қатарына кірді. 

Атай кетейік, Михаил Мудриктің "Челсидегі" маусымдық жалақысы 7,5 млн еуро болмақ.