Абылайхан Жұбаназар Тбилисиде күміс жүлдеге қол жеткізді

Грузияның астанасы Тбилиси қаласында өтіп жатқан дзюдо күресінен әлемдік Grand Slam турнирінде қазақстандық Абылайхан Жұбаназар күміс медальға қол жеткізді, деп хабарлайды Bassport.kz.
Ол 81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде финалда ол Австрия өкілі Уашид Борчашвилиге есе жіберді. Бұл 23 жастағы Абылайхан Жұбаназардың ересектер арасындағы әлемдік турнирде жеңіп алған алғашқы жүлдесі.
Абылайхан Жұбазанар финалға дейін төрт кездесу өткізді. Жарысты екінші айналымнан бастаған ол іріктеу кезеңінде Канада және Польша спортшыларын жеңді.
Ширек финалда молдовалық Виктор Стерпуден басым түссе, жартылай финалда татами иесі, Грузия спортшысы Дмитрий Гочилидзені иппон ұпайымен ұтты.
Айта кетерлігі, Қазақстан құрамасы алғашқы жарыс күнінде екі қола жүлде жеңіп алған болатын.
Атап айтқанда, Абиба Абужақынова (48 келі) мен Мағжан Шамшадин (60 келі) ел қоржынына қос қола жүлде салды.
Тблиси татамиінде өтіп жатқан әлемдік Grand Slam жарысы 26 наурызға дейін жалғасады.