Эсимгуль Куюлова Еуропа кубогының күміс жүлдесін еншіледі

Атыраулық дзюдошы Эсимгуль Куюлова Еуропа кубогының күміс жүлдесін иеленді, деп хабарлайды BasSport.kz.
Еуропа кубогы Хорватияның Дубровник қаласында өтті. Жарысқа әлемнің 24 елінен 308 спортшы қатысты. Қазақстанның намысын қорғаған ұлттық құраманың сапындағы атыраулық дзюдошы Эсимгуль Куюлова 63 келі салмақта күміс жүлдеге ие болды.
Еуропа кубогының іріктеу кезеңінде қазақстандық дзюдошы Дания мен Хорватиядан, Голландия елінен қатысқан балуандарды ұтқан. Ал, жартылай финалда Хорватияның тағы бір спортшысынан басым түскен. Тек ақтық сында Германия елінің спортшысынан ұтылды.
Эсимгуль Куюлова – осындай додалардың жүлдесін иеленген тәжірибелі спортшы. Ол былтыр жастар арасында дзюдодан Азияның екі дүркін чемпионы атанған еді. Сол жылы Испанияның Малага қаласында дзюдодан өткен Еуропа кубогінің алтын медальін иеленді.
Бұл додада Испания мен Германияның спортшыларын қапы қалдырды. Жартылай финалда тағы бір неміс, ақтық сында француз қызынан басым түскен еді.