Ақберен Елгезек: Сендерге өкпем жоқ, бәріңді кешірдім

Ақберен Елгезек: Сендерге өкпем жоқ, бәріңді кешірдім

Қатонқарағайда Қалихан ағам мен Дидағамның тойы өтіп жатыр екен. Той құтты-берекелі болсын! Әдебиет әлемінің тұрғындары тайлы-тұяғымен толық жиналыпты, фото рәсімдерін көрсең, көзің де, жаның да қуанады.

Түнеукүні маған осы әдебиет мейрамына “қонақ болып келіңіз!” деп Шығыс Қазақстан облысының қыз-жігіттері неше қайыра хабарласқан еді. Сол кезде айтқам: “Әй, байқаңдар, біз қазір “жақсылардың тізімінде” жоқпыз, шынымен шақырып отырсыңдар ма?!” деп әзіл-шыны аралас сұрап, күлген едім. “Ой, қойыңыз, сіз келмесеңіз, қалай болады!” деп шабыттана сөйлеген бауырларым тізімді қайта екшеген болу керек, артынан Шығыс жақтан жаңғырықтың жөтелі ғана жетіп жатты. Бәсе, айтқаным айдай келмеді ме!.. Осы бар ғой, сәуегейлігің орындалып жатса, дүниеде оған жетер қандай сезім бар дейсің. Одан кейін Астанадағы бір тойда жолыққан жанашыр бауыр айтып қап еді: “Сен осы не бүлдіріп жүрсің, сені теледидарға, газетке шығаруға шлагбауым қойыпты, қала берді ұлы Отанымыздың түкпір-түкпіріндегі әдеби-мәдени шараларға шақыруға да тыйым салыпты” деген. Тағы да “Бәсе!..” демеске шара болмады. Бәсе, көктем бойы “Болмаған балалық шақ” фильмімен өңір-өңірлерді аралағанда бюджетке қараған кей мәдмекемелерде қызмет ететін інілерім мендей “халық жауынан” жанұшыра қашқақтап еді. Ал кейбірі я ондай нұсқауды білмей қалды я қорықпай келіп, бір шәугім шәйін берген. Оларға Алланың нұры жаусын! Содан не демекпіз?! Тойға бармай қалдым деп өкпелеп, долданып отырған біз жоқ. Бар болғаны кіттәй “неприятно” боп қалады екен. Қалай болғанда бүлкілдеп соғып тұрған жүрегі бар тірі пендеміз. Оның үстіне гиперсезімтал шығармашылық адамымыз. Өңкей сәйгүліктер Алтайдың баурайында шұрқырасып мәз-мейрам боп жатқанда, өзіңді кермеде байлаулы тұрған жараған тұлпардай сезінеді екенсің. “Приятно емес” дегенім сол. Енді бұл жерде “Ақберен сендерге ұнамасын-ұнасын, қайткен күнде де ол барлық әдеби шараларға қатысу керек! Шашылып жатқан ақынымыз жоқ!” дейтұғын Жазушылар одағы қазір болмай қалды. Олар қайта айтаққа айтақ қосып, делебесі ересен қоза түсіп, қол шапалақтап отырған шығар. Біз ешқашан ешкімді алалаған емеспіз, сондықтан бұл бумеранг деп ойлап қалмаңыздар. Оралыңның барында ойна да, күл! Ештеңе мәңгі емес. Соны түсіну үшін (я түсінбеу үшін) шал болып, ұзақ өмір сүру керек емес. Жә, бізге қатысты осындай нұсқау берген ағайын бүгін дегеніне жетті, құттықтаймыз. “Мақсатымыз орындалды, бұл ақынды да бір тұқыртып алдық” деп көл-көсір тойласаңдар болады енді. Ресми рұқсат береміз. …Ал негізі бар ғой, сендерге менің биттей де өкпем жоқ, бәріңді жаппай кешірдім. Өйткені сендер – менің ұлы тағдырымда бар болғаны өз рөлдеріңді ойнап жүрген ұсақ-түйек кейіпкерлерсіңдер. Ақберен ЕЛГЕЗЕК, ақын, жазушы. Фото интернеттен.
Барлық жаңалықтар