Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақстанда балалар үйі азайып келеді

797
Қазақстанда балалар үйі азайып келеді - e-history.kz

Сурет: Qazaqstan.tv

1920 жылдары Қазақстанда түбегейлі орнаған большевиктік биліктің нәтижелері қоғамның түрлі салаларында көріне бастады. Ол әсіресе әлеуметтік салада айқын байқалды. Себебі, 1920 жылдары кеңестік қоғам экономикалық тұрғыда көптеген тәжірбиелер мен сынақтарды бастан кешірді. Яғни, 1917 жылғы революция, екі жойқын соғыс (Бірінші Дүниежүзілік, Азаматтық), аштық, күрделі әлеуметтік жағдай, экономикалық дағдарыс, саяси және әлеуметтік толқулар, моральдық позицияның әлсіреуі, идеологияның өзгеруі т.б. сілкіністер орын алды. Осы өзгерістер мен тұрақсыздықтар қоғамның әлеуметтік тұстарына әсер етіп, адамдардың жеке ахуалдарының күрделенуіне әкеліп соқты. Қоғамдық-әлеуметтік үдерістердің нәтижесінде жаңа әлеуметтік институттар пайда болды. Соның бірі, қазақ социумында қалыптасқан әлеуметтік қорғау жүйесінің жойылуына алып келген балалар үйі болып табылады. Большевиктік билік тұсында кеңес адамын тәрбиелеу саясатындағы Балалар үйінің қалыптасуының мәнін ашу, кеңестік жүйедегі әлеуметтік саясат бағытында панасыздық пен балалық шақ мәселелеріне қатысты жүзеге асырылған реформаларды талдау өзекті болып табылады. Өйткені, XX ғ. 2030 жылдардағы панасыздықты жою тәжірибесін бүгінгі жаһандану заманында дәстүрлі қазақ қоғамының әлеуметтік-мәдени құндылықтарын жаңғырту аясында салыстыра зерттеудің маңызы зор. Заманауи Қазақстанның жеткіншектерін мемлекеттік қолдауда, мемлекеттің әлеуметтік-мәдени жүйесін жетілдіруде, қоғамның тұтастығын қалыптастыруда кеңестік кезеңдегі ұлттық кодқа залалды салдары болған саяси реформаларды айшықтау, қазақ халқының рухани гуманизм идеяларын қайта жаңғырту ұтымды.

Кеңестік балалар үйі жалпы мағынасында қоғам үшін жаңалық болып табылды. Бұған дейінгі патша үкіметі заманында бұндай институт жұмыс атқармағандықтан кеңестік әдебиеттерде балалар үйі туралы мақтаулар мен жылы лебіздер айқын сезіліп тұрды. Балалар үйі, қарттар үйі осы аталғандардың барлығы кеңестік қоғамның әлеуметтік-мәдени құндылықтарының жемісі саналды. Кеңестік балалар үйі әке-шешесінен айырылған балалар мен бұзақылық жолға түскен жеткіншектерге дейінгі дәрежедегі тәрбиелейтін институтқа айналды. Ол тәрбие мен адамгершілік қасиеттердің тоғысқан мекемесі ретінде насихатталды. Ал аталмыш мекемеден тәрбиеленіп шыққандар БАҚ беттерінде жоғары дәрежеде айтылды. Бірақ, балалар үйінің пайда болуына алып келген саяси-әлеуметтік себептер мен ондағы моралдық-психологиялық ахуалдар мүлдем талқыланбады. Кеңестік тарихнамада осы мәселенің шынайы тұстарын зерделеп қарастырған әдебиеттерді ұшырату қиын. Өйткені, оған саяси цензура рұқсат етпегендігі белгілі.

Тек посткеңестік кезеңдегі тарихнамада бұл мәселенің кейбір аспектілері өзінің ақтаңдақ беттерін таба бастады. Ол ресейлік және украиналық ғылыми кеңістіктерге аса тән болып табылады. Бүгінгі таңда Ресейде кеңестік дәуірдегі РКСФР аумағында жұмыс атқарған балалар үйінің тарихы жөнінде іргелі еңбектер мен тың ғылыми жобалар іске асырылуда. Ол бойынша хронологиялық реттілік пен ғылыми тұжырым өзара сабақтасқандығын атап өткен жөн. Өкінішке орай, біздің еліміздің ғылыми кеңістігінде осы тақырып аясындағы бірізділік көрінбеуде. Хронология бойынша жүйеленуі мен ғылыми тұжырымның қалыптаспағандығы мәлім. Бірақ осыған қарамастан мақала түріндегі азды-кемді зерттеулер көрініс беруде. Оларда балалар үйінде орын алған ұрлықтар мен адам тағдырына орынсыз қараған жергілікті шенеуніктердің әрекеттері жан-жақты талданылған. Ресейлік зерттеулерде кеңестік балалар үйінде орын алған зорлық-зомбылықтар туралы басым қарастырылған. Оның ішінде балалар үйінің қалыптасуының өзі қоғамдық дамудың бағытының дұрыс еместігін әшкерелейтін көзқарастар қолдау табуда. 

Біздің отандық зерттеулерге де осы бағыттар бойынша тың серпілістер қажет. Себебі, қазақ қоғамы басқа көршіліс елдерге қарағанда большевиктік саясаттың зардаптарын басым тартуымен ерекшеленеді. Сол зардаптардың басында 1920–1930 жылдары із қалдырған тарихи құбылыстардың тұратындығы анық. 1921–1922, 1930–1932 жылдардағы аштық, 1930 жылдардағы жаппай қуғындаудың салдары балалар үйінің санының ұлғаюымен өлшенеді. Балалар үйінің тарихы контексінде кеңестік биліктің әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани және адам құқығы қатпарларында жүргізген әрекеттерінің бет-бейнесі ашыла түспек. 

Адам құқығының теңдігін қалыптастырушы ретінде өзін көрсеткен кеңестік саясат оның шындыққа жанаспайтындығын нақтылады. Кеңес мемлекетінің ондаған жылдарға созылған экономиканы жаңартуға ұмтылған басымдықтары стратегиялық мақсаттар арқылы көрініс тапты. Аталмыш стратегияның аясында әлеуметтік кепілдіктер беріліп отырылды. Әлеуметтік тәуекелдерден анағұрлым сақталынған топтарға ауыр өнеркәсіп жұмысшылары мен өндіріс белсенділері жатқызылды. Ал, басқа әлеуметтік топтарға мән берілмей, әлеуметтік саясаттың қамқорлығынан алынып тасталынды. Ол топқа балалар санаты да жатты. Олардың қоғамға тигізер пайдасы төмен деген жасырын қағида ойластырылды. Ал, кеңестік жастардың құқығы мен қоғамдағы рөлі ол басқа тақырыпқа жататындығы айқын. Қазақстанда қалыптасқан кеңестік балалар үйі қызметінің жалпы мақсатына жіті назар аударар болсақ, олардың жетім және көшеде қараусыз қалған балаларды асырауға ғана бағытталмағандығына көз жеткіземіз. Балалар үйінің басты міндеті жетім балалардың қоғамдағы теріс әрекеттерінің алдын-алу мен оның салдарларымен күрес болды. Ата-анасынсыз қалған жетім балалардың көп болуына байланысты қылмыстық әрекеттердің ұлғайғандығы анық. Кеңестік билік осыған жол бермеудің мәдени формасы ретінде балалар үйін ойлап тапқан болатын. Бірақ, аталған жетім балаларды үлкен өмірге моралдық-психологиялық тұрғыдан тәрбиелеу мен даярлаудың тетіктері жетіспеді. Осы себептен кеңестік қоғамдағы қылмыстық элементтердің басында балалар үйінің өкілдері көптеп ұшырасты.

Жоғарыда аталған ойлар, кеңестік билік жүйесінің белгілі бір идеология тұрғысында адамдарға таңдаумен қарым-қатынас жасағандығын анықтайды. Бүгінгі тәуелсіз Қазақстан мемлекетінде балалар мен жастар құқығы ерекше орынға қойылған. Білім беру ошақтарында білім алушылар мен білім берушілердің арасындағы құқықтық деңгей теңдікке негізделген. Жастардың білім алулары мен қызметтік өсулеріне барынша жағдай жасалынған. Оның ішінде балалар үйінің мемлекет тарапынан қамқорлығы айрықша деңгейге көтерілген. Балалар үйіндегі зорлық-зомбылық пен материалдық қанаушылықтың салдарлары жойылған деуге негіз бар. Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев «Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық – бұл біздің жалпыұлттық міндетіміз» деп атап өтіп, оның қазақ қоғамының менталитетіне жат екендігін еске салуы, кеңестік биліктің бұл институт қызметін мәжбүрлі түрде енгізгендігін нақтылайды. Президент жарлығымен 2022 жыл «Балалар жылы» деп жарияланған болатын. Осы орайда, мемлекет басшысы тапсырмасымен елімізде балаларды қорғау аясында ең алдымен денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қамсыздандыру саласында нақты іс-шаралар жасалып, түрлі жобалар жүзеге асырылды. Мақсат – өскелең ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиеттерді сіңіру, туған табиғатын танып білуге және қорғауға, қоғам игілігі үшін еңбек етуге ынталантырып, ел бірлігін нығайтуға ұмтылатын жас ұрпақты тәрбиелеу, оларды мейірімге бөлеу. Аталған шараларды тұрақты түрде жүзеге асыру нәтижесінде Қазақстанда балалар үйі институты қызметін кезең-кезеңімен жою мақсатын да көздеген болатын. Мемлекет басшысының бастамасы негізінде өткізілген бұл шаралар еліміздегі балалар үйінің өмір сүруі қазақ қоғамының менталитетіне жат екендігін еске салады және кеңестік биліктің бұл институт қызметін мәжбүрлі түрде енгізгендігін нақтылайды.

Қорытындылай келе, Балалар үйінің тарихы кешенді зерттеулерді талап ететін құбылыс. Тың архив деректері негізінде жаңаша көзқарас қалыптастыру негізінде зерделеу қажет. Большевиктік билік тұсындағы кеңес адамын қалыптастыру мен дамытуда орын алған реформалар және оны жүзеге асыру үдерісіндегі партиялық-мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың атқарған іс-қызметін, панасыздықты жоюға өлшеусіз үлес қосқан — Т. Рысқұлов, Т. Жүргенов, С. Сәдуақасов т.б. тұлғаларымыздың тағылымды қарекеттерін, әлеуметтік институттың Ұлы дала еліндегі ұлттық болмысқа, туыстық қатыныстар мен отбасылық құндылықтарға кері ықпалын кешенді зерттеу маңызды.

 

А.Т. Қаипбаева

тарих ғылымдарының кандидаты

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?