Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақстан топырағынан шыққан тұңғыш олимпиада жүлдегері

2116
Қазақстан топырағынан шыққан тұңғыш олимпиада жүлдегері - e-history.kz

Спорт тарихы да мемлекет тарихының құрамдас бөлігі. Спорт – кез келген мемлекеттің халықаралық беделді бәсекелер мен олимпиадаларға қатысып жүлдеге үміткер болуының ғана емес, оның тәуелсіздігінің, өзге елдермен терезесі теңдігінің және қуаттылығының да көрсеткіші. Қазақстан тәуелсіз мемлекет болғаннан бергі отыз екі жыл көлемінде 7 жазығы, 8 қысқы олимпиада ойындарына жеке өз туы астында қатысқан екен. Ең алғаш 1992 жылы Испанияның Барселона қаласында өткен жазғы, АҚШ-тың Альбервиль қаласында өткен қысқы олипиада ойындарына Қазақстан ТМД-нің біріккен құрамасы сапында қатысты. 

Ал 1996 жылы АҚШ-тың Атланта қаласында өткен жазғы олимпиада ойындарына тәуелсіз Қазақстан Республикасының 96 спортшысы бар құрамасы тұңғыш рет көк туын желбіретіп барып, 3 алтын, 4 күміс, 4 қола медаль алып, абыроймен елге оралғандығы тарихқа жазылды. Содан бергі уақытта Қазақстанның жазғы оимпиада ойындарынан жинаған медальдар саны 72 болған екен. Оның 14-і алтын, 21-і күміс, 36-сы қола медаль алған болса, қысқы спорт түрлері бойынша олимпиадалардан 1 алтын, 3 күміс, 4 қола медаль жинаған екен.

Стадион, аренадағы мыңдаған, теледидар, гаджеттерге телмірген миллиардтаған халықтың алдында еліміздің туы көтеріліп, әнұраны шырқалатын бақытты сәтті 15 рет бастан кешіріппіз. 

Келесі жылы 26 шілде мен 11 тамыз аралығында 33 Халықаралық олимпиадалық ойындары Францияның астанасы Париж қаласында өтпек. Бұған да қазақстандықтар нәтижелі қатысып, көптеген жүлде алады деген сеніміміз зор. Осыған дейінгі кезеңде ойға оралатын бір сұрақ – қазақстандық алғашқы олимпиада жеңімпазы кім және қандай спорт түрі бойынша қашан жеңіп алды болмақ. Себебі, қазақстандықтар Кеңес Одағының құрамындағы 15 республиканың бірі ретінде әлемдік спорт додаларына, соның ішінде олимпиадаларға қатысып, алтын, күміс, қола медальдарға ие болып келгені белгілі. Атап айтқанда Жақсылық Үшкемпіров, Анатолий Храпатый, Серік Қонақбаев, Дәулет Тұрлыханов, Владимир Смирнов, т.б. спортшыларымыздың есімі елге белгілі.

Осы ретте қазақстандық тұңғыш олимпиада жүлдегері кім деген сұрақ туындауы да сөзсіз. Тарихқа үңілсек, ол – Махмұд Омаров атты жерлесіміз екен. Нысана көздеуден яғни 50 метрден пистолеттен атудан 1956 жылғы Мельбурн және 1960 жылғы Рим олимпиадаларынан күміс медальге ие болумен қатар, 3 дүркін әлем чемпионы атанған даңқты спортшы.

Көздеуші мерген Махмұд Бедалұлы Омаров 1924 жылы 10 қыркүйекте Алматы қаласында қарапайым ұйғыр отбасында дүниеге келді. Әкесі Бедалжан Алматы аяқкиім фабрикасында етікші болып жұмыс істесе, анасы Мағинұр – үй шаруасындағы әйел еді. Махмұд отбасында үшінші бала әрі тұңғыш ұл болды. Өзінен кейінгі төрт бауырына қамқорлық жасай жүріп өскен Махмұд кішкентайынан дутар ойнауды жақсы көрген екен. Әкесінің арманы – көптеген аспаптарды жақсы меңгерген ұлына музыкалық жоғары білім әперу болыпты. Әкесі өмірден өткен соң, отбасын асырау міндеті – анасымен бірге Махмұдтың мойнына артылады. Мектепті жақсы оқып, медальмен бітірген соң мединститут жұмысшылар факультетіне оқуға түседі. Ұлы Отан соғысы басталғанда өз еркімен армия қатарына сұранады. Алайда жас жігітті армияға бірден жөнелте қоймайды. Осы кезде Ленинградтан Өзбекстанныңь Самарқанд қаласына эвакуацияланып келген С.М.Киров атындағы әскери-медициналық академиясына оқуға жіберіледі. Бұл оқу орнында оқып жатқандардың барлығын Орта Азияға көшіріп әкелген тағы бір оқу орны – Харьков  әскери медициналық училищесіне жолдайды. Осылайша екі бірдей әскери медициналық оқу орнында дәрігерлік ғылым мен практика негіздерін игерген Махмұд Омаров 1943-жылы әскери-десанттық құрамада әскери фельдшер болып майданға кіреді. Өзінің алғашқы ретк жау тлына секіруін ол Курск түбінде жасайды. Күндізгі жарықта, медициналық сөмкесі мен асынған автоматы бар, М.Омаров аман-есен жерге түсіп, берілген тапсырманы абыроймен орындап шығады. Бұлардың құрамы жау тылының түкпірінде әрекет етіп жүрген арнайы армиялық құрамалар қатарындағы партизан отряды аумағына келіп түседі. Осы кезден бастап оны Миша деп атап кетеді. Оның бір себебі: орта бойлы, дембелше келген, әрі басындағы тері малақайы да аюға ұқсатса керек. Осыдан кейін оның өмір бойғы лақап есімі Миша болып кетеді.

Соғыстың ең бір қызған шағында майданға келген ол десанттық құраманың әскери фельдшері ретінде майданда жараланған жауынгерлерді емдейді. Фашистер басып алған өңірлердің тылына өтіп жауынгерлік тапсырмалар орындайды. Жеңісті Германияда қарсы алған медицина қызметінің аға лейтенанты Махмұд Омаров соғыс аяқтала салысымен Алматыдағы анасы мен іні-қарындастарына асығады. Бірақ 1945-жылдың шілдесінде медициналық жоғары оқу орындарынан майданға шақырылған барлық офицерлерді Ленинград қаласындағы С.М.Киров атындағы Әскери-медициналық академияға оқуға шақыру туралы бұйрық түседі. Осылайша Ленинград қаласына оқуға қабылданған Махмұд Омаров оқуын аяқтаған соң осы қалады қызметке қалады. 1946-жылы Кеңес Одағының батыры, әскери дәрігер Б.П.Бегоулевтің қызы Галинаға үйленіп, отбасын құрады. 1947-жылы тұңғыш ұлы Арсылан дүниеге келеді. 

Ленинград – ол кезеңде әркімнің өз бойындағы талантын ұштауға мүмкіндік бар қала болды. Махмұд Омаров та осы қалада жүргенде пистолеттен ату спортына қызығып, шұғылдана бастайды. 1946-жылдан пистолеттен ату бойынша нақты шұғылдануға кіріседі. Қызығушылығын дамыта түскен ол баллистика бойынша Пономарев, Булыгиндердің кітаптарын, өзге де қатысты әдебиеттерді терең зерттеп оқиды. Зерттеп қана қоймай пистолеттің атуға ыңғайлы тұтқасын да жасап шығады. Осыдан кейін теория мен практиканы шебер ұштастыра білген Махмұд Омаров пистолеттен ату бойынша жарыстарға қатысып, жүлдегер атанады. 1953 жылы С.М.Киров атындағы Әскери-медицина академиясын бітіреді. Медицина қызметінің подполковнигі атағына дейін жетеді. Психиатриялық ауруханада дәрігер болып жұмыс істеумен қатар, үлкен спортты да жанына серік еткен Махмұд Омаров Кеңес Одағында пистолеттен ату спорты бойынша чемпион атанады. Үздік нәтижелерімен даралаған ол 1955 жылы халықаралық жарыста топ жарады. Румыния астанасы Бухарест қаласында өткен чемпионатта 50 метрден еркін ату бойынша Еуропа чемпионы болады. Мұнда ол финляндиялық Пентти Линносвуомен бірдей 556 ұпайға ие болғанымен, ондыққа дөп тигізу көрсеткіші бойынша Махмұд Омаровтың көрсеткіші финнен жоғары болып шығады.

Келесі жылы Монреальде өткен олимпиада ойындарына қатысқан Махмұд Омаров өзінің басты қарсыласы Пентти Линносуводан ұпай бойынша ұтылып, күміс жүлдеге ие болады. Линносувоның 26 оғы ондыққа дөп тисе, Махмұд Омаровтың 24 оғы тиген екен. Мылтықтан ату спорты түрлерінде физикалық дайындықтан да маңыздысы – психологиялық дайындық екендігі туралы айтылады. Мұны Махмұд Омаров өзінің кітабында да жазған екен: «Матчтық пистолеттен атудан ХҮІ олимпиадалық ойындардың чемпионы атанған Линносуво меніңше, дайындық жаттығуларда өзінің шынайы жақсы дайындығын көзге көрсетпей жасырып ұстай білді, ол сайыстың ең соңына дейін өзін алаңға көз тіккен барша халықтың, соның ішінде көрермендер, фоторепортерлер мен корреспонденттердің назарынан аулық ұстай білді. Ол әр уақытта осылай елеусіз қала отырып, сайыс кезінде ешбір мүлт кетпеді. Ал бұл дегеніңіз, ату спортындағы баса мән берілетін жағдайдың бірі болатын».

Мұнда Махмұд Омаров өзінің жеңілісін ақтап алғысы келмеген. Ол мұны өзгелер қателігінен сабақ алсын деген ниетпен жеңілісінің себептерін жазады. Ол өзінің алдағы уақытта үлкен жетістіктерге жететініне сенімді болған екен.

Осылайша шеберлігін шыңдай түскен мерген Махмұд Омаров 1958-жылы әлем чемпионы атанады. Бұдан кейінгі көздеген биіктік – олимпиада ойындарынан алтын алу еді. Ол 1960 жылы Римде өтетін олимпиадалық ойындарға фавориттердің бірі ретінде барды. Мұнда да ол өзінің командаласы әрі қарсыласы Алексей Гущинмен бірдей ұпай жинайды. Бірақ Гущиннің атқан оқтары ондыққа көбірек тигендіктен, ол олимпиада ойындарының алтын Махмұд Омаров күміс жүлдеге ие болады. 

Бір айта кетерлігі, Римде өткен олимпиадалық ойындарға мерген Махмұд Омаровпен қатар тағы «екі қазақстандық» қатысқан екен. «Екі қазақстандық» деп жақшаға алып отыруымыздың мәнісі – біреуі Жамбыл облысындғы Луговой ат зауытының құлыны Абсент атты айғыр болатын. Осы олимпиадаға атбегі Сергей Филатовтың мініп қатысуымен өнер көрсеткен Абсенттің өнері олимпиаданың алтынына бағаланған болатын.

Ал екіншісі кім деген сұраққа жауап беретін болсақ, ол – желаяқ жеңіл атлет Ғұсман Қосанов еді. 1960 жылғы Римдегі олимпиада ойындары – олимпиада ойындарының алғашқы жүлдегері туып шыққандығымен де ерекше болып, ел тарихында қалды. 8 қыркүйекте, яғни Филатов мінген Абсент алтын алған күні жеңіл атлетикадан командалық эстафета құрамында өнер көрсеткен қазақ баласы Ғұсман Қосанов күміс жүлдегер атанды.

Талантты спортшы, кәсіби маман дәрігер, Қазақстан топырағынан шыққан тұңғыш олимпиада жүлдегері, КСРО-ға еңбек сіңірген спорт шебері Махмұд Омаровтың аз жыл ішіндегі жеткен жетістігі ауыз толтырып айтарлықтай. Ол 1956-1961 жылдары Кеңес Одағының алты біріншілігіне жеңіске жетсе, Еуропаның бір чемпионатында топ жарып, екі олимпиадағы қатысып, жеті алтын медальге, екі күміс медальге ие болды. Еуропаның бес дүркін чемпионы, халықаралық командалық жарыстардың үш дүркін чемпионы.

«Атуға дайындықтың психологиялық ерекшеліктері» атты кітаптың авторы Махмұд Омаров мылтық ату спорты бойынша алда әлі де биік шыңдарды бағындыратын дер шағында 1961 жылы 25 желтоқсанда Мәскеу қаласында, отыз жеті жасында жүрек талмасынан аурухана түсіп өмірден өтті. Осылайша болашағынан үлкен үміт күттірген спортшының ғұмыр жолы аяқталды. Махмұд Омаровтың даңқты жолын туған отаны Қазақстан спортшылары лайықты жалғастырып келеді.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?