
Шабдан Әлғалиұлы Баян-Өлгей аймағында ірі қара малдың жұқпалы, жұқпасыз ауруларын, төлде кездесетін микро элементтердің жеткіліксіздігінен пайда болатын ауруларды жою ісінде көптеген тәжірибелер енгізген. Өз кезегінде білікті маманның өзі ғана білетін іс-тәжірибелері үлкен нәтиже береді. Әсіресе ұсақ малдың ішкі ағзаларында кездесетін кейбір паразит аурулар, нақты айтар болсақ, ешкінің кемелегі, қойдың секіртпесі, сиырдың оқырасы, қой, ешкінің жұқпалы күл аурулары сияқты ұзын-саны15 түрлі аурудың таралу қаупі төмендеген. Тіптен кейбіреуі түбірімен жойылып кеткен.
Уланбатыр қаласындағы Моңғолия мемлекеттік университетінің мал дәрігер бөлімін алғашқылардың бірі болып тәмамдаған мамандардың бірі - Шабдан Әлғалиұлы еді. Шабдан Әлғалиұлы 1952-1957 жылдары аралығында аталмыш оқу орнынан білім алып, мал дәрігері деген диплом алып, еліне келіп қызмет ете басайды.
«Шабдан Әлғалиұлы - еліміздің мал шаруашылығын өсіріп, өркендету үшін қажымай, талмай еңбектеніп, өлшеусіз үлесін қосқан іскер басшы болды. Осы жылдар аралығында малға тұрақты түрде жылына 15 түрлі вакцина салынып, қанның сарысуынан жасалған арнайы дайындалған 5 түрлі сывороткалар егіліп тұрған. Әрі бұлар тұрақты түрде жылына екі рет салынатын. Ұзын-саны 2,3 млн малға жұқпалы аурулардан, 3,6 млн басқа 13 түрлі паразит ауруларынан сақтандыратын екпе салынды. Осындай шаралардың ұйымдастырылуы малды жұқпалы және паразит үл ауруларынан сақтандыруға үлкен нәтижесін берді», - дейді малдын ага дәрігері Мекеш Тәліпұлы.

Енді осы Шабдан Әлғалиұлының шәкірті, аға ветеринар Мекеш Тәліпұлының ұстазы туралы естеліктеріне назар аударсақ:
Мал дәрігері бүкіл адамзатты емдейді
Ежелден бері адамзаттың тіршілігінің басты көзі болған мал шаруашылығы қазірге дейін өзінің құндылығын жойған жоқ. Дамыған елдер де, көшпенді халық та өмірінің кажеттілігін малдың өнімін алып шикізат ретінде пайдаланса, етін, сүтін тағамдық қажеттілікке жарату арқылы экономикасын дамытып, тіршілігін жасап келді. Бұл үрдіс қазір де жалғасын тауып отыр. Мал тұқымын асылдандырып, өнімін арттыру және әртүрлі аурулар мен індеттерден сауықтыруда мал дәргерлігі мен зооинженриялық мамандардың үлесі орасан зор.
Мал дәрігері мамандары малды ауру-сырқаудан емдеу, жұқпалы індет, паразит ауруларынан сақтау шараларын іске асыратын болса, зоотехникалық мамандар мал тұқымын асылдандырып, өнімдерін арттыру, жайылым арқылы семірту, арнайы тұрақтарда малды жемдеп, бордақылап тойындыру жұмыстарын ұйымдастыруға және тікелей қадағалауға міндеттелген.
Атақты ғалым, әйгілі физиолог И.П.Павловтың айтуы бойынша: «Адам дәрігері тек қана адамды емдейтін болса, мал дәрігері бүкіл адамзатты емдейді»- дегенін еске алсақ, мал дәрігері мамандығының құндылығын бағамдауға болады.
Малды жұқпалы індеттерден және аурулардан сақтау, оларды емдеп сауықтыру арқылы адамдарға мал және жан-жануарлардан жұғатын аурулардан алдын ала сақтандырып, сау малдың өнімін пайдалану мүмкіндігін туғызу, соның нәтижесінде адамдардын денінің саулығының сақталуына игі ықпалын тигізеді. Сонысымен бүкіл адамзатты емдейді.
Осындай міндеттерін атқару барысындағы Монғолияға еңбек сіңірген малдың аға дәрігері Шабдан Әлғалиұлы бастаған, аймағымыздың малдың аға және кіші дәрігерлерінің қызметі қыруар екенін 40 жылға жуық уақыт бойы атқарған жұмыстарынан пайымдауға болады.
Алайда, кейбір адамдардың түсінігі бойынша, мал дәрігерлері дегендер, ауыл аралап, қымыз ішіп, қазы-қарта жеп, таза ауада сайрандап жүретін жеңіл жұмыс деп ойлайды. Әрине, қонақжай халқымыз үйіне келген қандай адамды болса да жылы шыраймен қарсы алып, қонақ болдырып күтіп жіберетіні белгілі. Олай болса мал дәрігеріне ерекше ілтипат көрсетіледі деу артық екенін пайымдау дұрыс болар. Мал дәрігерлері кейде кеңсе қызметін атқарса, бірде малшылармен бірге малдың жайымен жаздың жаңбыры мен аптап ыстығы, қыстың аязы мен қары, көктем мен күздің ызғарлы желі, мал қорасының сары көңінің арасында малшылармен қоян-қолтық, қолма-қол атқаратын жұмыс секілді ерекшелігі бар мамандық екенін естен шығармау абзал.
Монғолия елінде мал дәрігері ұйымы орнағалы бері бір ғасыр (102 жыл), ал аймағымызда 65жылға толды.
1940 жылы алғаш рет құрамында 1 аға дәрігер, 7 кіші дәрігер, 1 Кеңес одағынан келген кадр, малдың уақытша курс оқыған 5 санитары бар аймақтық мал дәрігер ұйымы ұйымдастырылып жұмыс істеген екен.
Монғолияға еңбек сіңірген малдың аға дәрігері Шабдан Әлғалиұлы басқарған 1960-1990 жыл аралығында аймақта мал дәрігерлік мекемесімен қатар бактерологиялық зерттеу лабораториясы, 12 ауылды мал дәрігерлік бөлімшесі Ұланқұс, Алтынсөксе, Делуін ауылдарында ауыл аралық диагностикалық лабораториялар жұмыс атқарды.
1970 жылдардан бастап, ауыл аралық диагнотикалық кабинетті Ұланқұс, Алтынсөксе, Делуін ауылдарында орнатып, оларды үш бағытта жұмыстатып, әрбіреуіне үш ауылдан бөліп беріп, жылқы, түйе, сиыр, қой, ешкінің жұқпалы аурулары: маңқа, туберкулез, бруцеллезді тексеріп, ауруға шыққан малдарды уақытылы бөлектеп бақтырып, етке өткізіп отырғанның арқасында, бұл аурулар қысқа мерзімдік уақытта жойылып, нәтижесін көрсетті.
1980 жылдардан бастап осы кабинеттер көлікті болып, Уаз-469 машинасымен қамтамасыз етілді.
Бұл кабинеттерден малға, төлге қажетті ем-дәрілер, селенат натрий, гемоспоридин ертіндісі, мал ауруларын емдейтін емдеу қасиеті бар екпелер, асқазанның жасанды сөлі, цитратталған қан, СЖК (буаз биенің қанының сары суынан жасалған) дайындап, малдардың қоңдылығын арттыруға, күйін келтіруге пайдаланған.
Бұнымен қоса Шәкең ағамыз ауылдардардың мал дәрігері бөлімшелерінің шаруашылық жағына да көңіл бөліп, оларды қамқорлығына алып, малдың аға және кіші дәрігерімен қанымдау тұрғысынан 1970-1980 аралығында 5-6 кіші дәрігерді аға дәрігер, мамандығына белсенді 10 адамды оқытып малдың кіші дәрігері болғызып, мамандығы бойынша жұмыс жасауға көмектескен.
12 ауылдың барлығына да мал дәрігерлік бөлімшесін ашып, заманауи құрылыспен жабдықтаған.
12 ауылда «Емдеу жемдеу пунктін» ашып, оларды да машинамен қамтамасыз етуге, мекемесін салдыруға атсалысқан адам.
Малдың жұқпалы паразит аурулары
Ол кезде аймағымызда малдың жұқпалы індеті және ішкі, сыртқы паразит аурулары шығу қаупі бар деп есептелінгендіктен малдың ішек құртын жою мақсатында арнайы ертінділерді, таблеткаларды көрсетілген мөлшері бойынша аузына құю, таблеткаларды жұтқызу сияқты тәсілдерді пайдаланды.
Жылқының сібір жарасы, сақау ауруларының ваксиналары, сиырдың қарасан ауруының, ешкінің шешек, кемелек, қойдың секіртпе (брадзот) ауруларына қолданылатын ваксиналар әртүрлі мерзімде жүргізіліп келді.
Бұның сыртында көктемде және күзде жүргізілетін сиырдың оқырасы деп аталатын гиподерматоз ауруынан қорғайтын «Трихлорофон» деп аталатын сұйық дәріні сиырдың жон арқасына тиісті мөлшермен кұю арқылы оқыраны пайда болдырушы личинкаларды жоятын ертіндімен тазарту шарасы жүргізіледі.
Көктемде жылқыда жаппай кезігетін гемоспоридиоз аталатын инвазиялық (паразит) ауруын (караөкпе) деп емдеу үшін, гемоспиридин ертіндісін егу, күре тамырынан кан алу, тамыр арқылы глюкоза құю сияқты емдеу шаралары жүргізіледі.
Жазғы маусымда малдын бруцеллез, туберкулез науқанды жұмыс ауруларын тексеру науқанды жұмыс болғандықтан, аудандағы барлық мал дәрігерлері бірігіп жүріп, әрбір бригаданың малына қойдың құйрығына бруцеллизат егу, алу, сиырдың мойнына ешкі, сиыр, түйенің қанын туберкулин егу, 3 күннен кейін онын реакциясын тексеру жұмыстары жүргізіледі. Бруцеллез бен туберкулезге шыққан малдар бөлектеніп, жеке бақылады.
Қошқар, текенің қанын алу жұмысы жыл сайын күзде, көктемде 2 рет жүріледі. Бұлар бөлек жайылатындықтан, бригаданың мал дәрігерлері бірігіп жүріп жұмыс атқарады. Бір корада 250-300-дей қошқар, теке болады.
Сарлықтың (қодас) бойлақтары бөлек бағылады. Көктемгі брадзотқа қарсы егілетін ваксина да тығыз кажеттілікке ие болған, бұлжытпай орындауға тиісті басты шаралардың бірі болды. Ол бірде бір малды қалдырмай, арнайы дозасымен екі рет, қолтықтың жұқа терісінің астынан егілетін екпе.
Көктемде мал төлдету науқаны кезінде табын малдарын азайтып бөліп әкететіндіктен, солардың барлығын қамту үшін, мал дәрігерлері, ваксиналарды қоржынға салып, бөктеріп алып, ауыл үйлерді аралап жүріп, өзің ғана егуін керек болады. Кейбір ауылдарда көмектесетін адам аз болғандықтан, отбасындағы бала-шағаларымен бірге 200- 300 қойды еккізеді. Бұл шараны алғашқы кезде 10-20-ның жәй шприцтерімен (шприц с бегункой) егіп жүрдік. Соңғы кездері автомат шприц пайда болып, іс-әрекетімізді әжептәуір жеңілдетіп, уақытты үнемдеп, жұмыс өнімділігін арттырды.
Жаздағы тағы бір қауырт жұмыс қой, ешкінің қотырын болдырмау үшін аймақтық малдың бас дәрігері Шабданның ұйымдастыруымен малды креолин ерітіндісіне тоғыту болып табылады. Оны алғашқы кезде су өткізбейтін брезенттен тігілген ваннаға сәйкестіріп шұңқыр қазып, соған ваннаны салып, суға толтырып, креолин ертіндісін дайындап, оған кой, ешкіні бір-бірлеп ұстап салу арқылы тоғытылатын. Онан кейінгі кездері арнайы тұрақты «Ванна» деп аталатын, ұзындығы 10 шақты метр, ені 70-80 см етіп, 1,5 м тереңдікте қазылып, цементтелген, жан-жағы қоршалған, кой ешкіні айдап өткізетін ваннада тоғытатын болдық. Бұл да бас дәрігеріміздің уақытты үнемдеуге, адам күшін дұрыс пайдалануға бағытталған, жұмысты жеңілдететін озық тәжірибелерінің бірі болды.
Осы шаралардың барлығын уақтылы, сапалы түрде жүргізгеннің нәтижесінде малдың жұқпалы және паразиттік аурулары біртіндеп азайып, соңғы кездері түбегейлі жойылған еді.
Малдың жұқпалы емес аурулары
1976 жылдары бас дәрігеріміз Шабдан Әлғалиұлы ағамыздың тікелей бастамасымен, ауылдарға ауру-сырқау, арық-тұрақ малдарды бөлектеп емдеп, сауықтырып, жемдеп тыңайтатын ЕжП (Емдеу жемдеу Пункті) деген шара ұйымдастырылып, алғаш Бұйынты ауылында тәжірибе ретінде орнап, су жаңа ГАЗ-51 машинасымен қанымдалды. ЕжП-нің дәрігері болып мен тағайындалдым. Алғашқы бастамалар болғандықтан, аймақтық тәжірибе алмасу іс-шарасы да бізде өткізілді. Сұмындағы үш бригаданы машинамен аралап жүріп, табындардағы ауру-сырқау, арық-тұрақ малдарды жинап алып, ЕжП-ге әкелеміз. Ол кезде тоқтыларда айналма (ценуроз) ауруы жиі кездесетін, соларға операция да жасап жүрдік.
Малдың жұқпасыз аурулары онша көп кезіге қоймағанымен әртүрлі жағдайларға байланысты, ауырған малдар кезігіп тұрады. Әсіресе жылқы, сиыр аурулары жиі кездеседі. Жылқының жиі кездесетін ауруларына: сәйгелді, ноқана, талақ, құмқата, сырғасы таю, жауыр болу сияқты аурулар жатады.
Сиырдың ауруынан жиі кезігетіндері: тышқаншық ошак, іші кебу, шуы кешігу. Бұл аурулар көбінде ежелден қалыптасқан халықтық емдеу тәсілдерімен емдегенде тез жазылады әрі нақты нәтиже береді. Ондай ауруларға, әрбір аурудың белгісіне қатысты ауырған малдың әртүрлі жерлерінен бізбен немесе қандауырмен шаншып қан ағызу тәсілімен емдеу шаралары қолданылады. Ал басқа тыныс жолының, ac қорыту жолдарының, несеп жолдары аурулары ғылыми тұрғыдан қолданылатын тәсілдер арқылы емделеді.
Көктемде мал төлдеген кезде төл аурулары жиі кездеседі. Бұлар өкпеге суық тигеннен болатын пневмония, бронхопневмония және асқазан, ішек жолдарының аурулары болушы диспепсия, іші өту көп кездеседі. Оларды ғылыми түрде зерттеліп, нәтижесі белгілі болған дәрі-дәрмектерді қолдану арқылы емдейді.
Төлдің денесіне селен элемент жетіспеушілігінен болатын «булчин цайх» (жүрек бұлшық етінің ағаруы) деген ауру жиі кездесетін. Оны арнайы дайындалған селен элементі бар ертіндіні егу арқылы алдын алу, емдеу шаралары жүргізіледі.
Төлдің жұқпалы ауруларының алдын алу үшін, мал төлдеуден бұрын олардың жататын үйшігіне күкірт ұнтағын жағып тұтату арқылы дезинфексия жүргізіледі. Бұл қорадағы әрбір үйшікке толық жасалуы тиіс.
Мал төлдейтін кезде төлге қажетті, жиі қолданылатын дәрілерден әрбір табынға төлдің дәрілерін дайындап береміз. Бұл жерде төлге аса қажетті дәрілерден іріктеп, берілетін бір реттік мөлшері бойынша ұнтақ дәрілерді қағазға орап, қандай ауруға, қалай берілітінін көрсетіп дайындап береміз.
Жаздағы тағы бір күрделі жұмыс козы, лақ, тайыншаларды пішу жұмысы еді. Төлді қазақтың ежелгі «Тарту» әдісімен пішу ісі 70-жылдардың ортасында қолға алынып, оны аймақтың мал дәрігері ұйымының бастығы аға дәрігер Ә.Шабдан ағамыз өзі басқарып, бізге үйретіп, оны ауылдарда мал дәрігерлері кеңінен үйреніп өмірде қолданып, табысқа жетті. Тарту әдісімен пішілген малдың (қозы, лак, тайынша) денесі зорайып, мүйізі үлкейіп, толысып, салмағы артып жетілетініне көзіміз жетті.
Міне, Монғолияға еңбегі сіңген мал дәрігері, Монғолия мал шаруашылығының абыз ақсакалы Шабдан Әлғалиұлы ағамыздың тікелей басшылығы, іскер ұйымдастырушылығының арқасында Баян-Өлгий аймағының мал мамандарынын атқарған шаруасы қыруар.