Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек алған 58 445 отбасы кедейлік жағдайынан шығып отыр – еңбекмині

Aстана. 5 сәуір. ҚазТАГ – Валентина Владимирская. Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек алған 58 445 отбасы кедейлік жағдайынан шығып отыр, деп хабарлады еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен (ЕХӘҚМ).
«2023 жылы және 2024 жылдың бірінші тоқсанында атаулы әлеуметтік көмек (бұдан әрі – АӘК) алған 58 445 отбасы мемлекеттік қолдау шараларының арқасында кедейлік жағдайынан шығып отыр», - делінген жұма күні таратылған хабарда.
Ақпарға сәйкес, 2023 жылы жалпы сомасы 59,4 млрд теңгеге 114,1 мың отбасы (598,4 мың адам), 2024 жылдың үш айында 7,8 млрд теңгеге 58,8 мың отбасы (312 мың адам) АӘК алды.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша өңірлік бөліністе АӘК алушылардың ең көп саны Түркістан облысында – 27 мың отбасы (23,7%), Шымкент қаласында – 12,7 мың отбасы (11,2%), Алматы – 9,5 мың отбасы (8,3%), Қызылорда облыстарында – 9,4 мың отбасы (8,2%). АӘК алушылардың ең аз саны Ұлытау – 538 отбасы (0,5%), Атырау – 1,1 мың отбасы (0,9%), Солтүстік Қазақстан облыстарында – 1,6 мың отбасы (1,4%) байқалып отыр.
АӘК-нің негізгі мақсаты – ақшалай төлемдер түріндегі қолдауды жүзеге асыру және отбасының еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту арқылы отбасын қиын өмірлік жағдайдан шығару.
Еске салсақ, АӘК келесілерді көздейді: табысы өңірлік ең төмен күнкөріс деңгейінің 70%-нан аспайтын азаматтарға тоқсан сайын әлеуметтік көмек тағайындау; 1 жастан 6 жасқа дейінгі табысы аз отбасылардағы әр балаға 1,5 АЕК мөлшерінде ай сайынғы қосымша төлем беру; жұмысқа орналастыру жолымен жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, оқуға жіберу, өз ісін ашуға ынталанған отбасыларға гранттар беру және т.б.

Фото көзі: pixabay


adimage