«Дүкеніңді өртейміз» – Ақтөбеде ақша бопсалаушылар тобы ұсталды

Ақтөбе. 20 сәуір. ҚазТАГ – Ақтөбеде ақша бопсалаушылар тобы ұсталды, деп хабарлады ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
«12 сәуірде Ақтөбе облысы ПД кезекші бөліміне 48 жастағы ер адам хабарласты. Оның айтуынша, белгісіз біреулер азық-түлік дүкенін өртейміз деп қорқытып, бопсалап жүрген. Күдіктілер ай сайын 400 мың теңге ақша төлеуді талап еткен. Криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында 100 мың теңге ақшалай қаражатты беру кезінде төрт күдіктіні ұстады. Ұсталғандар қылмыстарын мойындады, 100 мың теңге ақша тәркіленді», - делінген сәрсенбідегі хабарда.
Аталған факті негізінде ҚР ҚК-нің 194-бабы 2-бөлігі (қорқытып алу) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Екі күдікті Ақтөбе қаласы ПБ уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
Қылмыскерлер мүлкі тәркіленіп, үш жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.


adimage