Еліміздің өңірлерінде жылқылардың өлімі тіркелуде – бұл туралы үкімет не деді?

    Астана. 19 наурыз. ҚазТАГ - Қазақстан Республикасының үкіметі мал шаруашылығындағы ауа райының салдарынан туындап отырған жағдайға қатысты депутаттық сауалға жауап берді, деп хабарлайды агенттіктің тілшісі.
    «Ауыл шаруашылығы министрлігі азықпен қамтамасыз ету және жедел ден қою мәселелерін шешуді үйлестіру жөніндегі жедел штаб шеңберінде апта сайын өңірлерде ауыл шаруашылығы жануарларының қыстау барысына мониторинг жүргізеді», - деп жауап берді ҚР премьер-министрінің орынбасары Серік Жұманғарин.
    Жұманғарин бүгінгі таңда Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында ауа-райының қолайсыз жағдайлары орын алып, аяздың күрт күшеюінің салдарынан мұз қабаты, сондай-ақ жауын-шашынның мөлшерінің көп болуынан қардың бетіне мұз қатып, нәтижесінде жылқы малының тебіндеуіне қиындықтар туындады, деп хабарлады.
   «Қазіргі таңда республика бойынша жылқы өлім-жітімінің саны 232 басты құрады, оның ішінде Ақмола облысында – 117 бас, Ұлытау облысында – 67 бас, Солтүстік Қазақстан облысында – 35 бас, Ақтөбе облысында – жеті бас және Шығыс Қазақстан облысында – алты бас», - деп мәлімдеді вице-премьер.
   Премьер орынбасарының айтуынша, қалыптасқан жағдайға байланысты ауыл шаруашылығы министрлігінің арнайы мамандары аталған өңірлерге барып, нақты жағдаймен танысты. Өңірлерде облыстық жедел штабтар құрылып, аудан әкімдіктері және жауапты қызметкерлердің қатысуымен мәселелер қаралып, қорытындысы бойынша жылқы малын сақтауды қамтамасыз ету үшін бірқатар жедел шаралар әзірленді. Аналық бас және жас малдарды қорада ұстауға көшіру бойынша жұмыстар жүргізілді.
   «Агроқұрылымдардағы қолда бар мал азығының көлемдері анықталып, жеке қосалқы шаруашылықтарға қолжетімді бағамен жеткізу ұйымдастырылды. Жер үсті қар жамылғысын қопсыту бойынша іс-шаралар өткізілді. Сондай-ақ қар жамылғысы жануарларды жаюға мүмкіндік беретін жайылымдарға жылқыларды шығару орындары анықталды және сол жайылымдарға ауыстырылды», - деді үкімет басшысының орынбасары.
Ол жалпы қыстау барысы республикалық және өңірлік штабтың бақылауында және қыстау барысы штаттық режимде өтуде, деді.
«Жоғарыда аталған өңірлерде малдың жаппай қырылу фактілері анықталмады. Осыған байланысты, өңірлерде төтенше жағдай жариялаудың қажеттілігі жоқ», - деп жауап берді Жұманғарин.
Оның айтуынша, тек Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданында қардың көп түсуіне байланысты Төсқайың және Марқакөл ауылдық округтерінде ағымдағы жылғы 15 қаңтардан 5 ақпанға дейін төтенше жағдай жарияланды.
   «Күршім ауданында енгізілген төтенше жағдай кезінде әкімдік тарапынын жемшөпті тасымалдау үшін жанар-жағармай жеткізілді және 192 орам шөп пен жеті тонна құрама жем тасымалдау ұйымдастырылды. Аудан әкімдігі тарапынан жылқы басын қорада ұстауға ауыстыруға мәжбүр болған шаруашылықтарға тегін 150 орам мөлшерінде шөп берілді. Сондай-ақ, ірі азықты төмендетілген бағамен тегін жеткізу мәселесі пысықталды», - деп мәлімдеді вице-премьер.
   Сонымер қатар ол, бүгінгі таңда Төсқайың және Марқакөл ауылдық округтерінде жағдай тұрақталғанын айтты.
   Жұманғарин өңірлердің тұрақтандыру қорларындағы, қажет болған жағдайда азық-түлік корпорациясының жемшөп қорларындағы жем-шөпті де пайдалануды ұйымдастыру бойынша, Павлодар облысында ресми түрде жылқы өлім-жітімінің фактілері тіркелген жоқ. Бүгінгі таңда жылқының аналық басын сақтап қалу мақсатында төлдерді бөлек ұстау жұмыстары жүргізілуде, деді
   «Павлодар облысы әкімдігі қолайсыз ауа-райы жағдайларын ескере отырып, агроқұрылымдар мен жеке қосалқы шаруашылықтарға мал азығын жеткізу үшін «Павлодар «ӘКК» АҚ-ның облыстың тұрақтандыру қорында 5 000 тонна көлемінде азық қорын қалыптастырды. Аталған жемдік азық 2024 жылғы 1 қарашаға дейін қайтарымды тауарлық кредит ретінде қажеттілігі бар шаруаларға беріледі. Қазіргі таңда 1,5 мың тонна жемдік азыққа қажеттілігі бар 84 шаруашылық анықталды», - деп хабарлады үкімет басшысының орынбасары.
   Вице-премьердің мәлімдеуінше, Ұлытау облысының әкімдігі тарапынан да «Ұлытау» ӘКК» АҚ арқылы ұқсас механизммен шаруаларға жемдік азық беру мәселесі пысықталуда. Қалған өңірлерде жемшөп қорларынан жем-шөпті пайдалануға қажеттілік жоқ.
   Үкімет басшысының орынбасары жем-шөп базасын жақсартудың кешенді бағдарламасын даярлау бойынша, қазіргі таңда ауыл шаруашылығы, қаржы және цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктері бірлесіп, жем-шөп базасын жақсарту мақсатында «2023-2025 жылдарға арналған азық өндіру саласын дамыту жөніндегі» жол картасын іске асыруда, оның шеңберінде 2026 жылға қарай азықтық дақылдардың егіс алаңдарын 3,3 млн гектарға дейін жеткізу, егіс алаңдарынан азықтық дақылдардың жалпы жиналуын 6 млн тоннаға дейін ұлғайту көзделгеннін айтты.
Сондай-ақ вице-премьердің айтуынша, жол картасы аясында келесідей шараларды іске асыру көзделген:
- жаңа жоғары өнімді сорттар мен будандарды енгізу арқылы азықтық дақылдардың өнімділігін арттыру;
- көпжылдық шөптердің ескі және сирек кездесетін түрлерін жасарту және қалпына келтіру бойынша шаралар қабылдау;
- азықтық дақылдардың тұқым шаруашылығы жүйесін ғылыми негізделген дамытуды көздейтін Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы дақылдарының селекциясы мен тұқым шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспарды әзірлеу;
- құрғақ аймақ жағдайында азық өндірудің шетелдік тәжірибесін зерделеу;
- азық дайындау техникасы мен суару жүйелерін сатып алуды қаржыландыру жолымен азық өндірісін техникалық және технологиялық қамтамасыз ету;
- азық өндірісі бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын қаржыландыру үшін жергілікті бюджеттен қаражат бөлу.
«Жоғарыда аталғанды және жол картасының қазіргі таңда іске асырылуын ескере отырып, жеке жем-шөп базасын жақсартудың кешенді бағдарламасын даярлау қажеттілігі жоқ», - деп жауап берді вице-премьер.
Айта кетсек, мәжіліс депутаттары 15 ақпанда ауа-райының қолайсыздығынан жылқы малының жағдайының күрт төмендеуі жайында үкіметке жолдаған сауалында төмендегі мәселелерді шешуді сұраған:
Біріншіден: Ауа райының экстремалды қолайсыздығы жағдайында қыстау өткізу үшін облыс және аудан көлемдерінде жедел штаб құру. Тез арада шаруашылықтардың жағдайы мен малдың барлық түрлері бойынша шынайы ақпаратты нақтылау керек.
Екіншіден: Қажет болған жағдайда жергілікті аумақ бойынша төтенше жағдай жариялау.
Үшіншіден: Өңірлердің тұрақтандыру қорларындағы, ал қажет болған жағдайда «Азық-түлік корпорациясының» АҚ-ның жемшөп қорларындағы жем-шөпті де пайдалануды ұйымдастыру.
Төртіншіден: Жемшөп қоры жеткілікті көлемдегі шаруа қожалықтарынан мал азығын ауылдарға жеткізу мен пайдалануды ұйымдастыру.
Бесіншіден: Жылқыларды қолайлы жайылымдарға, соның ішінде орман қорындағы жайылымдарға ауыстыруды ұйымдастыру.
Алтыншы: Қажет болған жағдайда жайылымдардағы мұз – қар бетін бұзу үшін механикалық өңдеуді ұйымдастыру. Басқа да шараларды жасау.
Депутаттар мал шаруашылығындағы жүйелі шара ретінде ауыл шаруашылығы министрлігі жергілікті атқарушы орындармен бірлесіп жайылымдық жерлерді үстірт және түбегейлі жақсартуды кеңінен жүзеге асыруды ескере отырып еліміздің жем-шөп базасын жақсартудың кешенді бағдарламасын даярлауды сұраймыз, деп жазған.

Фото көзі: instagram.com/@Динара Сатжан


adimage