Әкімдік Алматы мешітінің жамағатына арналған спорттық және мәдени шараларға Т98,5 млн жұмсамақ

Алматы. 19 сәуір. ҚазТАГ – Әкімдік Алматы мешітінің жамағатына арналған спорттық және мәдени шараларға Т98,5 млн жұмсамақ, деп хабарлады агенттік тілшісі.
«Тапсырыс беруші – "Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы" КММ; атауы – Конференцияларды/семинарларды/форумдарды/конкурстарды/корпоративтік/спорттық/мәдени/мерекелік және ұқсас іс-шараларды ұйымдастыру/өткізу бойынша қызметтер; жоспарлы сомасы – Т98 544 642,85», - делінген мемлекеттік сатып алу порталында орналасқан лот сипаттамасында.
Конкурсқа қатысу үшін өтінім қабылдау басталды және 22 сәуірде аяқталады.
«Қызмет мешіт жамағатын, дәстүрлі емес діни ағымның ұстанушыларын және ресми дін өкілдерін бұқаралық спорттық шараларға тарта отырып мәдени және спорттық ісшараларды ұйымдастыру арқылы діни экстремизмнің алдын алуға және конфессияаралық келісімді, тұрақтылықты насихаттауға бағытталған болуы қажет. Аталған қызметтегі халықтың қамтамасыз етілетін саны барлық іс-шараларды қосқанда кемінде 15 000 (он бес мың) адам болуы, соның ішінде деструктивті діни ағымның ұстанушылары анықталуы және жұмылдырылуы қажет. Осы қызмет аясында мәдени-спорттық іс-шаралар түрлі спорттық жарыстар және турнирлер түрінде өткізілуі тиіс», - делінген конкурстың техникалық ерекшелігінде.
Мешіт жамағаты үшін жоспарланған шаралар ішінде футбол турнирі, Ораза айт және Құрбан айт мерекелеріне арналған шаралар, қазақ күресінен турнир, спартакиада, қала күніне арналған мәдени-бұқаралық шаралар, Қазақстанның Рухани келісім күніне арналған шаралар да бар.

adimage