Тоқаевқа Назарбаев университетіне қарасты медициналық мектеп жанынан Академиялық медициналық орталық ашу жоспары баяндалды

Астана. 20 сәуір. ҚазТАГ – Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа Назарбаев университетіне қарасты медициналық мектеп жанынан Академиялық медициналық орталық ашу жоспары баяндалды, деп хабарлады Ақорда баспасөз қызметінен.
«Қасым-Жомарт Тоқаев «University Medical Center» корпоративтік қорының басқарма төрағасын қабылдады. Мемлекет басшысына корпоративтік қор жұмысының нәтижелері мен жетістіктері, сондай-ақ осы инновациялық медициналық орталықтың даму перспективалары туралы мәлімет берілді. Атап айтқанда, Юрий Пя Президентке Назарбаев университетіне қарасты медициналық мектеп жанынан Академиялық медициналық орталық ашу жоспарын айтты», - делінген сейсенбідегі хабарда.
Оның айтуынша, мұндай орталықтың ашылуы клиникалық білім беру деңгейін көтеруге және оны халықаралық стандартқа сәйкестендіруге мүмкіндік береді.
«Бұл орталықтың жұмысы ғылыми-зерттеу, білім беру және клиникалық қызметтің синергиясы негізінде озық білім мен тәжірибені пайдалануға, жаңа формациядағы медицина саласының мамандарын даярлауға, емделушіге бағдарланған медициналық жәрдем беру жүйесін дамытуға бағытталған. Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау сапасын арттырудың, медициналық қызметтің қолжетімділігін қамтамасыз етудің аса маңызды екенін атап өтіп, отандық медицинаны жаңғыртуға бағытталған жоспарына оң баға берді», - деп хабарлады Ақорда.

adimage