Қазір оқушылар да бәс тігіп, лудоманиядан емделіп жүр - депутат

Қазір оқушылар да бәс тігіп, лудоманиядан емделіп жүр - депутат
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Турар Казангапов

Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова Қазақстанда кейбір оқушылар лудоманиядан емделіп жүргенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар "Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын бірінші оқыламда талқылануда.

Отырыста депутат Жұлдыз Сүлейменова кейбір оқушылар бәс тігіп жүргенін ашына айтты.

"ҚМА мәліметінше, 200 мыңнан аса адам үшінші адамдар арқылы бәс тігеді екен. Оқушылардың арасында да бұл үлкен әлеуметтік проблемаға айналды. Мысалы, 2 кейс бар. Біреуі 9-сынып оқушысы, ал екіншісі 11-сынып оқушысы. Осы лудомания дертіне душар болған. Осыған байланысты Оқу-ағарту министрлігіне сұрақ қойғым келеді. Қазір 2 оқушы да емделіп жүр. Олар 10 айға жуық емделеді. Оқушылар емтиханды қалай тапсырады? Оқу процесі қалай ұйымдастырылады? Олардың 9-сыныпты немесе 11-сыныпты аяқтағаны туралы құжатты алуға құқығы бар ма, жоқ па? Ата-аналар бұл сұрақтарды қойып жатыр", - деді депутат.

Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан Қазақстанда мұндай дертке шалдыққан оқушылар жоқ екенін атап өтті.

"Денсаулық сақтау министрлігі жасөспірімдер арасында лудоманиядан емделіп жүргендер тіркелмегенін хабарлайды. ДДСҰ дерегінше, лудомания бұл аурудың түрі және онымен күресудің 2 профилактикалық деңгейі бар. Бірінші деңгей – жасөспірімдердің осы дертке ұшырамауының алдын алу, түсіндіру жұмысын жүргізу. Екінші деңгей – осы тәуелділікке ұшыраған балалармен психологиялық жұмысты жалғастыру. Білім жүйесі тек бірінші деңгейдегі профилактиканы атқарады", - деді басшы.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

А. Есен