Көпшілік Алматыдағы кран суын ішуге болмайды деп есептейді. Олардың ойынша, ол судың құрамында зиянды бактериялар мен ауыр металдар көп. Сол себепті тұрғындар қымбат болса да, бөтелкедегі суды сатып алуға дайын. Massaget.kz тілшісі Алматыдағы ауызсу сапасын кім және қалай бақылайтынын, краннан ағатын судың қаншалықты қауіпсіз екенін және бөтелкедегі суға артық ақша төлеудің қажеті бар ма екенін анықтап көрді.
Кран суы мен бөтелкедегі судың бағасы
Орта есеппен алғанда, Алматыдағы төрт адамнан тұратын отбасы айына 13 000 литр ауызсу тұтынады және бұл үшін шамамен 1 500-2 000 теңге төлейді (литрі 0,15 теңге). Ал бес литрлік бөтелке суының бағасы – шамамен 750 теңге (литрі 150 теңге). Бөтелкедегі суды күнделікті қолданатын отбасылар айына 20 мың теңгеден артық қаржы жұмсайды. Кейбір тұрғындар вендинг аппараттарынан су алады. Бірақ "Алматы су" өкілі Серік Шагировтың айтуынша, бұл аппараттардың көбі дәл сол қала су құбырына қосылған. Яғни, аппараттағы су мен үйдегі кран суы бірдей.
Кран суының сапасы қалай бақыланады?
Серік Шагировтың айтуынша, Алматыда су бірнеше көзден алынады:
Тау өзендерінен;
Терең жер асты көздерінен (150–500 м).
Бұл көздер ластануға ұшырамайды, құрамында ауыр металдар жоқ, химиялық құрамы тұрақты.
Бақылау қалай жүргізіледі?
"Алматы су" зертханасы суды тазалау мен тасымалдау кезеңдерінде үздіксіз тексеріп отырады;
Жылына 60–70 мың су үлгісі алынып зерттеледі;
Сапа санитарлық нормаларға сәйкес, құрамында хлор, кальций, магний бар, бірақ рұқсат етілген мөлшерде.
СЭС те су сапасын әр кезеңде тексереді — су көзі, құбыр станциясы және тұтынушы нүктесінде.
Бөтелкедегі су неге қымбат, сонда ол қауіпсіз бе?
Маманның айтуынша, бөтелкедегі судың сапасы әртүрлі:
Кейбір компаниялар суды дәл сол кран жүйесінен алады;
Көбі жеке скважина қолданбайды;
Рұқсат құжаттары, санитарлық талаптар жиі бұзылады;
Кейбір өндіріс орындарында қоқыс жинайтын арнайы алаңдар, санитарлық рұқсаттар болмауы мүмкін.
Накипь – қауіпті белгі ме?
Қайнаған судағы ақ тұнба (накипь) көпшіліктің қорқынышын тудырады. Бірақ бұл – судың құрамындағы кальций мен магнийдің табиғи реакциясы.
Кальций – сүйек, тіс, тырнақ үшін пайдалы;
Магний – жүйке мен жүрек жұмысына, холестеринді шығаруға көмектеседі.
Накипь тек бірнеше рет қайнатқанда ғана пайда болады. Ал дистилденген суда тұнба жоқ, бірақ ол ішуге жарамсыз.
Алматыдағы судың қаттылығы қандай?
Оңтүстік аймақтар – тау суы: 1–1.5 мг-экв/л (жұмсақ су);
Аралас аймақтар – 2 мг-экв/л (оптималды);
Солтүстік және шығыс – тек жер асты көзі: 3.5–6.5 мг-экв/л (орташа қатты су).
Қатты су – бүйрек, буын ауруларына әкеп соғуы мүмкін;
Тым жұмсақ су – тұздардың ағзадан шайылып кетуіне әсер етеді.
Сүзгі қою керек пе?
Кей сатушылар адамдарға "судың құрамында ауыр металл көп" деп үрей тудырып, қымбат сүзгілер ұсынады. Бірақ бұл – маркетингтік әдіс.
Шындық: Су құрамында тұздар бар – бұл қалыпты жағдай;
Көзбен немесе жылдам анализбен оның зияндылығын анықтау мүмкін емес;
Тек арнайы зертхана ғана нақты қорытынды бере алады.
Қай су қауіпсіз – краннан ба, бөтелкеден бе?
СЭС мамандарының айтуынша, егер су санитарлық талаптарға сай болса, кран суы ішуге қауіпсіз;
Бутилирленген су – тұрақты сапаны қалайтындар мен дәмге сезімтал адамдар үшін жақсырақ таңдау болуы мүмкін. Соңғы шешім әркімнің жеке талғамына, қаржылық мүмкіндігі мен сеніміне байланысты.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
А. Бақдаулет