Дженнифер Лопес осы жазда Астанада концерт береді. Бұл жаңалық бірнеше күн бойы қазақстандықтардың талқысынан түспеді. Билет сату 11 сәуір күні сағат 11:00-де басталуы тиіс еді, алайда қазіргі сәтте билет сатып алу мүмкін болмай тұр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Сағат 10:55-те ticketon.kz сайты істей бастады.
Бірақ арасында ақаулар орын алып тұрды. Ал 10:59-да сайт мүлдем жауап бермей, істен шықты.
Сағат 10:56-да көрсетілген нөмірлерге хабарласуға тырыстық, бірақ байланыс желілері шамадан тыс жүктеліп, жауап ала алмадық.
Айта кету керек, концерт туралы хабарламаның астына көптеген қолданушылар билет сатып ала алмай жатқандарын жазып жатыр.
"Сайт тура 11:00-де құлады", "Сайт жұмыс істемейді", "Бізге сәттілік серік болсын!" – деп жазды Instagram қолданушылары.
Сайт жаңартылып, сағат 11:14-те кіріп виртуалды кезекке тұру мүмкін болды. Алайда, белгісіз себептермен, шамамен 10 минуттан кейін кезек қысқарудың орнына ұлғайып кетті.
Айта кетейік, Дженнифер Лопес 1 тамыз күні Астанадағы "Астана Арена" стадионында әлемдік турнесі – Up All Night аясында концерт береді. Қазақстандағы концертіне дейін ол Абу-Дабиде өнер көрсетіп, сол жақтан елордаға ұшып келеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, билеттер концертке бірнеше күн қалғанда ғана таратылатын болады және бір адамға төрт билеттен артық сатылмайды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
А. Бақдаулет