Ғалымдар алғаш рет “Жұлдызды соғыстар” киноәлеміндегі Татуинге ұқсайтын - екі қоңыр ергежейлі жұлдызды айналып, оларға қатысты перпендикуляр орбита бойымен қозғалатын планетаны анықтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
РИА Новости мәліметінше, бұл туралы Еуропалық оңтүстік обсерваториясы (ESO) Science журналында жарияланған өз командасының зерттеуіне сілтеме жасап хабарлаған.
Ашылған Татуин аналогы орналасқан 2M1510 жүйесі Жерден шамамен 120 жарық жылы қашықтықта, Таразы шоқжұлдызында орналасқан.
"Астрономдар ерекше жұлдыздар жұбының айналасында 90 градус бұрышпен айналатын планетаны анықтады. Бұл - мұндай "полярлық планетаның" жұлдыздар жүйесін айналып жүргені туралы сенімді дәлел алғаш рет алынған жағдай", - деп жазылған ESO порталындағы хабарламада.
ESO мәліметінше, 2M1510 (AB) b деп аталған бұл планета – жұлдыз бен планета арасындағы аралық қасиеттерге ие субжұлдызды нысандардың бірі – екі қоңыр ергежейлі жұлдыздың айналасында айналады. Ол кездейсоқ табылған: астрономдар осы типтегі басқа жұлдыздарды зерттеу кезінде VLT телескопы арқылы мәлімет жинап жатқан.
Ғалымдар бұл жүйеден үшінші қоңыр ергежейлі жұлдызды да тапқан, ол екі орталық нысаннан шамамен 250 астрономиялық бірлік қашықтықта орналасқан.
Обсерваторияның мәліметінше, соңғы жылдары ғалымдар жұлдыздар жұбының айналасындағы, Татуинге ұқсайтын планеталарды бірнеше рет анықтаған. Алайда осы уақытқа дейін олардың перпендикуляр орбитамен қозғалуы туралы нақты дәлел болмаған.
Еске сала кетейік, бұған дейін NASA ұшырған жаңа ғарыштық телескоптың ғаламның қалай пайда болғанын зерттеуге көмектесетіні хабарланған болатын.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
А. Бақдаулет