Қазақстанда 17 028 адамға аутизм диагнозы қойылған. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Екатерина Смолякова мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Статистика қандай?
Елімізде жалпы 737 450 мүгедектігі бар адамның ішінде психикалық функциялары бұзылған 144 094 адам тіркелген, соның ішінде 17 028 адамға аутизм диагнозы қойылған.
Аутизм диагнозы бойынша көш басында Астана қаласы (2292 адам), одан кейін Алматы қаласы (1006 адам) тұр.
Қазақстанда 13 коррекциялық орталық ашылған, оның 11-і мемлекеттік. 2 орталық Алматы, Астана қалаларында жұмыс істейді.
"Орталықтар жетіспейді" - депутат
Депутаттың сөзінше, осы орталықтарда 3000-нан аса бала оқып жатса, 3000-нан астамы кезекте тұр.
"Орталықтардың жетіспеушілігі салдарынан баласын ойлап қайғырып жүрген ата-ана тауқыметін пайдаланып, саны көп сапасы жоқ, бағасы алтыннан қымбат жекеменшік орталықтар пайдаға белшесінен батып жатыр. Ол жерде маман қаншалық дұрыс әдістеме пайдаланатыны да белгісіз", - деді ол.
Екатерина Смолякова аутизмге кеш диагноз қою басты мәселе екенін жеткізді.
"Аутизмнің алғашқы белгілері 6-12 айда пайда болуы мүмкін, ал Қазақстанда диагноз ресми түрде 3-5 жаста ғана қойылады. Бұл балалардың болашағы бұлыңғыр, коррекциялық орталықтан сәтті өткен күнде де, есейіп ер жеткенде қалай өмір сүреді, қайда оқиды, қандай мамандық алады, қайда жұмыс істеп, жан бағады? Бұл - үлкен сұрақ", - деді ол.
Олардың нешеуі білім алып жатыр?
Бүгінде жоғарғы оқу орындарында оқып жатқан 2 686 мүгедектігі бар студенттің ішінде осындай диагноз қойылған тек 5 адам білім алып жатыр.
"Аутизмі бар 17 028 баланың 5-еуі ғана білім алып жатса, 6000-ға жуығы коррекциялық орталықта жүрсе, қалған 11 000-нан аса баланың тағдыры белгісіз", - деді депутат.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова