Куәгер болу – зорлық-зомбылықтың куәсі болу деген сөз. Мұндай жағдай адамды шошытып, қорқыныш пен абыржу тудырады. Алайда дәл осындай сәтте заң аясында қалай дұрыс әрекет ету керектігін білу аса маңызды. Massaget.kz тілшісі бұл жағдай туралы Ішкі істер министрлігі өкілдерімен, заңгермен және қарапайым қазақстандықтармен тілдесіп көрді.
ІІМ мәліметінше, Қазақстан заңнамасы бойынша, зорлық-зомбылық куәгері қажетті қорғаныс болмаса, физикалық араласуға міндетті емес. Бірақ ол құқық қорғау органдарына дереу хабарлауы тиіс.
"Егер адам қылмыстың, мысалы, ұрып-соғудың куәсі болса, ол дереу полиция шақырып, қауіпсіз жағдайда болса, агрессорды тоқтатуға тырысуы қажет. Жәбірленушіні қорғау үшін күш қолдану тек басқа жол қалмаған жағдайда және өмір мен денсаулыққа қауіп төнсе ғана рұқсат етіледі. Алайда күш қолдану қауіп деңгейіне сай болуы тиіс. Кез келген жағдайда араласу мақсаты – жәбірленушінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық қорғау органдарын шақыру", – деді министрлік өкілдері.
Куәгер не істеуі керек?
Қауіп деңгейін бағалау: Жағдайды тез бағалап, тек нақты қауіп төнгенде әрекет ету;
Қауіп жойылған соң әрекетті тоқтату;
Сабыр сақтау және шамадан тыс күш қолданбау;
Бейнежазба жасау немесе басқа куәгерлерді тарту.
Заңгер кеңесі
Қарағанды облыстық адвокаттар алқасының заңгері Ибрагим Садуакасовтың айтуынша, ҚР Қылмыстық кодексінің 33-бабы бойынша әр азамат агрессорды тоқтатып, полицияға тапсыра алады, бірақ тек қажетті қорғаныс шегінде әрекет ету керек. Егер агрессордың қолында қару немесе қауіпті заттар болуы мүмкін деген күдік болса, киімін тексеріп, сол заттарды тәркілеп, полицияға тапсыруға рұқсат етілген.
Қорғаныс шегінен асу деген не?
Егер агрессорға қажеттіліктен тыс, шамадан тыс зиян келтірілсе (мысалы, ауыр жарақат, мүгедектік немесе өмірге қауіп төндіретін соққы), бұл қылмыстық жауапкершілікке алып келуі мүмкін. Мысалы, ҚР ҚК 113-бабына сәйкес, мұндай әрекетке айыппұл, қоғамдық жұмыс, не 1 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Полиция келгенше оқиға орнында қалу міндетті ме?
Жоқ, міндетті емес. Бірақ тергеу басталса, куәгер міндетті түрде шындықты айтып, куәлік етуі керек.
Аноним куәлік беруге бола ма?
Иә, егер куәгер өз қауіпсіздігінен қорқатын болса, судьяның шешімімен аты-жөнін жасырып, бүркеншік атпен жауап бере алады.
Егер агрессор куәгерге қоқан-лоқы жасаса ше?
Бұл туралы дереу полицияға хабар беру керек. Заң бойынша, куәгерге қауіп төнсе, оған қорғау шаралары (агрессорға жақындауға тыйым салу, күзетпен қорғау және т.б.) қолданылады.
Егер жәбірленуші агрессорды қорғаса не болады?
Мұндай жағдайлар психологиялық тәуелділік, қорқыныш немесе манипуляция салдары болуы мүмкін. Бұл жәбірленушінің әрекеттері оны жауапкершіліктен босатпайды. Куәгер бәрібір полиция шақырып, жағдайды хабарлауы керек.
Агрессорды жазалау шаралары
ҚР ҚК 108-1-бабы: Жеңіл дене жарақатын келтіру – 200 АЕК-ке дейін айыппұл не 50 тәулікке дейін қамау.
ҚР ҚК 109-1-бабы: Ұрып-соғу (денсаулыққа зиян келтірмей) – 80 АЕК-ке дейін айыппұл не 25 тәулікке дейін қамау.
Қандай дәлелдер қажет?
Видео, фото, аудиожазба;
Куәгерлердің сөзі;
Медициналық сараптама қорытындысы;
Киімдегі, денедегі жарақат іздері.
Видео түсіруге бола ма?
Иә. Егер бейнежазба қылмыстың дәлелі ретінде қажет болса және қауіпсіз жағдайда түсірілсе – бұл заңды. Қоғамдық жерде жасалған түсірілім – құқық бұзу емес.
Полицияға қалай жүгінуге болады?
102 нөміріне қоңырау шалу;
Учаскелік инспекторға хабарласу;
"102" мобильді қосымшасы арқылы аудио/видео байланыс, нақты уақыт режимінде хабарлама жіберу;
SOS батырмалары арқылы (парктерде, ТРЦ маңында).
Егер полиция әрекет етпесе не істеу керек?
1402 нөмірі арқылы ІІМ сенім телефонына қоңырау шалу;
Аймақтық полиция департаментіне ресми шағым жазу.
Қазақстандықтардың оқиғалары
Әлия: Көршісін соққан жігітке полицияны шақырған, бірақ қыз көмек алудан бас тартқан.
Айман: Көшеде жігіттің қызды ұрғанын көріп, видеоға түсіріп, полиция шақырған. Бірақ қыз арыз жазудан бас тартқан.
Айбек: Қызды қорғап, сотта айыпталушыға айналып, 1,5 жыл түрмеге түскен.
Ерлік Сертай (қылыштасудан чемпион): Қызды қорғап, өзі соққыға жығылып, кейін қыз оны сөккен.
Назугум Райханова: Көліктен қызды алып кетпек болған ер адамды көріп, дереу араласқан, полицияға хабарлап, көлікті анықтауға көмектескен.
Егер сіз зорлық-зомбылық куәсі болсаңыз, ең маңыздысы – қауіпсіздігіңізге зиян келтірмей, дереу полиция шақыру және мүмкіндігінше дәлелдер жинау. Қандай жағдай болмасын, әрекеттеріңіз заң шеңберінде болуы тиіс.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
А. Бақдаулет