Алматы әкімдігі Республика алаңының (бұрынғы жаңа алаң) кімге тиесілі екенін түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Facebook-тегі "Қала кезекшісі" тобында Алматы тұрғынының шағымы жарияланды. Әйел адамның айтуынша, оған қалалық әкімдік ғимараты алдындағы алаңдағы саябақ аймағында суретке түсуге тыйым салынған.
"Алматы қаласының Жаңа алаңы (қазіргі Республика алаңы) саябақ аумағында күзетшілер суретке түсуге рұқсат бермеді. Бұл қаншалықты заңды? Неліктен бұлай болып жатыр және бұл жағдайға кім түсініктеме бере алады? Күзетшілердің айтуынша, жаңа алаң жеке меншікке берілген екен", – деп жазды Алматы тұрғыны.
Бұл сауалды біз Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметіне жолдадық. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, алаң аумағы Алматы қаласының коммуналдық меншігінде.
"Алаң аумағында фото және видео түсіруге тыйым салу көзделмеген. Тексеру барысында күзет ұйымының қызметкерлері бұл сөзге нақты жауапты тұлғаны атай алмады. Сонымен қатар, күзет ұйымымен профилактикалық түсіндіру жұмысы жүргізілді", – деп хабарлады Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
А. Бақдаулет