• 500.67
  • 490.7
  • 6.04

​Шетелде қашықтан жұмыс істейтін қазақстандықтарға артық салық төлемеу жолдары қандай?

​Шетелде қашықтан жұмыс істейтін қазақстандықтарға артық салық төлемеу жолдары қандай?
Фото: depositphotos.com

​Қазақстандықтар үшін шетелдік компанияларда қашықтан жұмыс істеу мүмкіндігі артып келеді. Цифрлық технологиялардың дамуы арқасында бір елде тұрып, басқа елде жұмыс істеу заманауи еңбек нарығының негізгі тенденцияларының бірі болып отыр. Алайда, қашықтан жұмыс істеудің танымалдығы артқан сайын, Қазақстанның салық заңнамасын бұзбай, екі рет салық төлемеу мәселесі туындайды.  Massaget.kz тілшісі бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитетінен сұрап білді. 

Қазақстанның салық резиденті кім болып саналады?

Салық төлеуші үшін негізгі ұғым – салық резиденттігі. Қазақстан Республикасының Салық кодексіне сәйкес, салық резиденті болып мыналар танылады:​

Қазақстанда тұрақты тұратын тұлға;​
Уақытша шетелде жүрген, бірақ ортасы, мүлкі, яғни, өмірлік мүдделері Қазақстанда қалыптасқан адам. 

Өмірлік мүдделер орталығы келесі факторлар негізінде анықталады:​

азаматтығы немесе тұруға ықтиярхатының болуы;​
жұбайының немесе жақын туыстарының Қазақстанда тұруы;​
Қазақстан аумағында тұруға жарамды жылжымайтын мүлкінің болуы.​
Осы шарттардың барлығы орындалса, шетелде ұзақ уақыт болу салық резиденттігін жоймайды.​

Шетелдік компанияларға қашықтан жұмыс істеуден түскен табысқа салық салына ма?

Салық кодексінің 321-бабына сәйкес, салық резиденті болып табылатын жеке тұлғаның барлық табыс түрлері, соның ішінде шетелдік компаниялардан алынған кірістер, салық салуға жатады.​ Егер қазақстандық азамат жұмыс істейтін компанияның Қазақстанда салық агенті болмаса, онда фрилансер немесе қашықтан жұмыс істейтін қызметкер салықты өзі декларациялап төлеуге міндетті.​

Шетелден алынған табысты қалай декларациялау керек?

Қазақстандық салық резиденттері жыл сайын 270.00 нысанды кірістер мен мүлік туралы декларацияны есепті жылдан кейінгі жылдың 15 қыркүйегіне дейін тапсыруы тиіс. Шетел валютасындағы табыс алынған күннің алдындағы соңғы жұмыс күніндегі нарықтық бағам бойынша теңгеге қайта есептеледі.​

Егер салықтар басқа елде төленсе ше?

Қазақстан қосарланған салық салуды болдырмау туралы 55 келісімге қол қойған, оның ішінде АҚШ, БАӘ және ЕО-ның көптеген елдері бар. Бұл дегеніміз, шетелде төленген салықтар Қазақстанда есепке алынуы мүмкін, егер сіз шетелдік мемлекеттің салық органынан нотариалды куәландырылған аудармасы бар анықтаманы ұсынсаңыз.​

Жеке кәсіпкер ретінде тіркелу қажет пе?

Егер сіз жалдамалы қызметкерлерді жұмысқа алмасаңыз және шетелдік қызметтен жылдық табысыңыз 12 ең төменгі жалақы мөлшерінен аспаса, жеке кәсіпкер ретінде міндетті тіркеу талап етілмейді.​

Валюталық бақылау туралы не білу керек?

Қазақстан Ұлттық банкі валюталық реттеу және бақылауды жүзеге асырады. Егер сіз тұрақты түрде шетелдік компаниялардан аударымдар алсаңыз, әсіресе сомалар ірі болса, қосымша есептілік талап етілуі мүмкін.​

Салық төлемеген жағдайда не болады?

Салық заңнамасын бұзу әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін:​

  • декларацияны ұсынбау – алғаш рет ескерту, жыл ішінде қайталанса – айыппұл;​
  • декларацияда толық емес немесе жалған мәліметтер беру – алғаш рет ескерту, жыл ішінде қайталанса – айыппұл;​
  • табысты жасыру – алғаш рет салықтың төленбеген сомасының 200%-ы мөлшерінде айыппұл, жыл ішінде қайталанса – 300%.​

Салықтық ақпараттың автоматты алмасуы

2021 жылдың желтоқсанынан бастап Қазақстан халықаралық салықтық ақпарат алмасуға қатысады. Бұл дегеніміз, банктік шоттар, активтер, кірістер және тіпті көлік құралдары туралы мәліметтер басқа елдерден Қазақстанның салық органдарына автоматты түрде түсуі мүмкін.​

Әр жағдай жеке қаралуы тиіс. Сондықтан, шетелдік компанияларда қашықтан жұмыс істеу кезінде салық міндеттемелерін дұрыс орындау үшін кәсіби кеңес алуды ұсынамыз.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

А. Бақдаулет
Logotype Massaget