Алматыда лаңкестік туралы жалған хабар таратқан ер адам сотталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оқиғаның мән-жайы
Оқиға былтыр желтоқсанда болған. Құқықбұзушы мас күйде жедел қызметке қоңырау шалып, қаладағы сауда орталықтарының бірінде жарылыс болатынын хабарлаған.
Ақпарат түскен бойда құқық қорғау органдары шұғыл әрекетке кірісіп, ғимараттан адамдарды эвакуациялап, нысанды толық тексерген. Тексеру барысында ақпарат жалған екені анықталған. Осылайша күдіктінің әрекеті төтенше жағдайлар қызметінің жұмысына кедергі келтіріп, шығынға батырған.
Сот шешімі
Сот шешімімен ол кінәлі деп танылып, бір жылға бас бостандығынан айырылды.
"Мұндай жалған хабарламалар төтенше қызметтердің құнды ресурстарын ысырап етіп, олардың негізгі міндеттерін атқаруына кедергі жасайды. Сондай-ақ, тұрғындар арасында үрей туғызады. Террорлық акт туралы жалған ақпарат тарату қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеміз", - деді Алматы қалалық ПД экстремизмге қарсы күрес басқармасының бастығы Асхат Дәулетияров.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова