- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- судья
Экс-судья Жолмановаға қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды

Экс-судья Светлана Жолмановаға қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Аса ірі көлемде алаяқтық жасап айыпталған бұрынғы судья Жолмановаға қатысты қылмыстық іс бойынша соталды тергеп-тексеру аяқталды.
Тергеу мәліметінше, 2021 жылдан 2024 жылға дейін ол жылжымайтын мүлік сатып алуға және тендерлік жобаларға қатысуға жәрдемдесемін деген сылтаумен, алдау және сенімге қиянат келтіру арқылы азаматтардың 1 миллиард теңгеден аса сомадағы қаражатын қолды қылған.
"Тергеп-тексеру барысында қылмыстық әрекеттің 48 эпизоды анықталып, олар бір іске біріктірілді. Тергеп-тексеру аяқталғаннан кейін қылмыстық іс Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы (аса ірі мөлшердегі алаяқтық) бойынша айыптау актісімен мәні бойынша қарау үшін сотқа жолданды", - деп жазылған хабарламада.
Айта кетейік, Светлана Жолмановаға 2021 жылы қылмыстық іс қозғалған болатын. Сол уақытта экс-судья мүдделі тұлғалардың пайдасына сот шешімдерін шығаруға көмектесіп, алаяқтық жасады деген күдікке ілінгені хабарланды.
Кейінірек қылмыстық іс тоқтатылып, ол судья қызметінен босатылды.
Еске салайық, 2024 жылы қазанда бұрынғы судья Светлана Жолманова полицияға жеткізілді.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова