• 500.67
  • 490.7
  • 6.04

Жамбылда әйелінің көлігін өртеп жіберген ер адам сотталды

Жамбылда әйелінің көлігін өртеп жіберген ер адам сотталды
Фото: depositphotos.com

Азаматтық некедегі жұбайымен жанжалдасқан ер адам бес литр жанармай сатып алып, әйелінің көлігін өртеп жіберген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Астана" арнасына сілтеме жасап. 

Темір тұлпардың түгі қалмаған соң сот оған қасақана жасаған іс-әрекеті үшін 3 жыл алты айға жаза тағайындаған.

Телеарна мәліметінше, ол әйелінің несиеге алған көлігін қала сыртына шығарып, іші-сыртына бензин құйып, от қоя салған. Сөйтіп жанып жатқан көлігінің қаңқасы қалғанша қарап тұрған. Осылайша ер адам 4 млн 4 мың теңге шығын келтірген. Отбасы кредиттен әлі құтылмаған. Әйелінің жүргізуші куәлігі болмағасын, көлікті азаматтық некедегі жолдасы айдып жүрген екен.

"Сотталушы өз кінәсін сотта толық мойындады. Өз ісіне өкінетінін және келтірілген шығынды толық көлемде өтегенін ескеріп, сот үкімімен сотталушы А-ға ҚК 202-бабы 2-бөлігі 1, 5-тармақшаларымен 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу түріндегі жаза қолданылды", - дейді Жамбыл аудандық сотының судьясы Бекжан Парманқұлов.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек
Logotype Massaget