Қаржылық мониторинг агенттігі Перизат Қайратқа қатысты істің егжей-тегжейін жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жаңа деректер
Агенттік мәліметінше, 14 наурызда Перизат Қайрат пен Ғайни Алашбаеваның әрекеттері сарапталып, олар алаяқтықтың аса ірі көлемде жасалуына және қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыруға күдікті деп танылған.
"Перизат Қайрат 2021-2024 жылдар аралығында бірнеше рет қайырымдылық көмек мақсатында халықтан ақша жинауға шақырған. Оның айтуынша, бұл қаражаттар мұқтаж балаларға, Палестина және су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін жұмсалмақ болған. Жалпы ұрланған қаржы көлемі - 3,5 млрд теңге", - деп жазылған хабарлмада.
Ақша қайда аударылған?
Мәліметке сүйенсек, Перизат Қайрат Biz Birgemiz Qazaqstan 2030 қорына түскен қаражатты өз жеке және анасы Ғайни Алашбаеваның есепшоттарына аударып, кейін оларды зергерлік бұйымдарға, киім-кешекке, жиһазға, саяхаттарға, жөндеу қызметтеріне, автокөлік жалдау және басқа да шығындарға жұмсаған.
"2024 жылы 1 сәуір мен 15 қараша аралығында Перизат Қайрат су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету мақсатында Biz Birgemiz Qazaqstan 2030 ҚҚ-ның есепшотына 2,8 млрд теңге жинап, жымқырғаны анықталды. Қылмыстық табысты жымқыру мақсатында ол 16 серіктес жеке кәсіпкермен металдан жасалған киіз үйлер, қайықтар, етіктер және басқа да заттарды жеткізу жөнінде жалған келісімдер жасасқан. Алайда бұл келісімдер іс жүзінде орындалмаған", - деп жазылған хабарламада.
ҚМА мәліметінше, осылайша миллиард теңгеден аса қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылып, жеке мақсаттарға жұмсалған.
"Осы соманың 72 млн теңгесі оның анасы Ғайни Алашбаеваның есепшотына "Солтүстік Қазақстан облысындағы зардап шеккен тұрғындарға тұрмыстық техника сатып алу" деген сылтаумен аударылып, кейін ол Перизат Қайрат арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылды", - деп жазылған хабарламада.
Қандай мүліктер сатып алынған?
ҚМА дерегіне сүйенсек, бұл ақшаның бір бөлігі сомасы 6,9 млн теңге тұратын Rolex сағатын сатып алуға жұмсалған. Палестинаға көмек көрсету үшін жиналған қаражаттың бір бөлігін 2024 жылғы қаңтарда Перизат Қайрат Rebel flowers ЖШС-ін сатып алуға жұмсаған.
"Оның құны 23 млн теңге болса да, келісішартта күдік туғызбау үшін 2 млн теңгеге төмендетілген соманы көрсеткен", - деп жазылған хабарламада.
Гүл бизнесінен түскен табысы 69 млн теңге болған.
Сонымен қатар, ұрланған қаражатқа 4 көлік, 4 пәтер, 2 автотұрақ орны, үй, жер телімі және ғимарат сатып алынған.
Сондай-ақ, жалпы құны 158 млн теңге болатын зергерлік бұйымдар, аяқ киім және сөмкелер тәркіленді. Жалпы құны 865 млн теңге болатын, қылмыстық жолмен алынған мүлікке тыйым салынды.
Перизат Қайраттың анасы қайда?
ҚМА Ғайни Алашбаеваға қатысты үй қамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қабылданғанын мәлімдеді.
Перизат Қайрат туралы не белгілі?
Перизат Қайрат - Biz Birgemiz Qazaqstan қайырымдылық қорының төрайымы, Қазақстандағы белсенді еріктілер қозғалысының жетекшісі ретінде танымал. Ол су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету, Газа секторындағы гуманитарлық миссиялар және басқа да қайырымдылық шараларымен айналысып, қоғамда беделге ие болды.
2024 жылы 14 қарашада Қаржылық мониторинг агенттігі Перизат Қайрат 1,5 миллиардты жымқырды деген күдікке ілінгенін хабарлады.
Сонымен қатар ол 2023 жылғы қарашада Палестина тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсету үшін қаражат жинап, оның 200 миллионын қалтасына басқан деген күдікке ілінді. ҚМА дерегінше, 2023 жылғы желтоқсанда осы ақша есебінен Перизат Қайрат Sensata Plaza элиталық кешенінен 49 миллион теңгеге үш бөлмелі пәтер және 30 миллион теңгеге Mercedes-Benz EQE 500 4 Matic жаңа көлігін сатып алған.
2024 жылы 16 қарашада Астана қаласының тергеу соты Перизат Қайрат 2 айға қамауға алынғанын хабарлады.
2024 жылы 13 желтоқсанда Перизат Қайраттың элиталық пәтерлері, қымбат көліктері бұғатталды. Сондай-ақ Перизат Қайраттың тұрғылықты жерін тінту барысында қайырымдылыққа жиналған қаражатқа сатып алынған қымбат техника, Cartier, Graff, Rolex, Bulgari, Gucci, Louis Vuitton, Versace, Chopard, Hermes, Dolce & Gabbana, Prada және т. б. сияқты танымал әлемдік брендтердің киімдері, аяқкиімі, зергерлік бұйымдары, сөмкелері тәркіленді.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова