1 қаңтарда базалық зейнетақы Ұлттық банк айқындайтын инфляцияның болжамды деңгейіне сәйкес 6,5%-ға, ынтымақты зейнетақы 8,5%-ға, яғни инфляция деңгейінен 2%-ға өсті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жыл басынан бері республикалық бюджеттен 694,7 млрд теңге сомасына зейнетақы төленген, оның ішінде базалық зейнетақы төлеуге 224,5 млрд теңге, ынтымақты зейнетақы төлеуге 470,2 млрд теңге жұмсалған.
1 наурыздағы жағдай бойынша елде 2 млн 455 мың зейнеткер бар.
"1 наурыздағы жағдай бойынша жиынтық зейнетақының орташа мөлшері - 143 800 теңге, оның ішінде ынтымақты зейнетақы мөлшері - 96 117 теңге, базалық зейнетақы - 47 683 теңге", - деп жазылған хабарламада.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023 жылдан бастап бес жыл ішінде ең төмен базалық зейнетақы ең төмен күнкөріс деңгейінің 70%-на дейін, ең жоғарысы 120%-ға дейін жыл сайын кезең-кезеңімен өседі.
Биыл 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төмен мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 65%-нан 70%-ға дейін ұлғайтылған, бұл 32 360 теңгеге жеткен.
"2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі зейнетақы жүйесіндегі өтілін ескере отырып, әр адамға жеке тағайындалады.
1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ынтымақты жүйеде жұмыс істеген уақыты, сондай-ақ, міндетті зейнетақы жарналары төленген кезеңдер зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтіліне қосылады", - деп жазылған хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда зейнетақы мен жалақы өсетіні хабарланды. Бұл туралы Сенаттың Taldau Talks подкасында премьер-министрдің орынбасары - ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова