• 500.67
  • 490.7
  • 6.04

Расында да қазақстандықтардың кредиті бастан аса ма?

Расында да қазақстандықтардың кредиті бастан аса ма?
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Ranking.kz сарапшылары қазақстандықтардың қарызы туралы сараптап, мұны миф деп атады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

2025 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша ҚР ЕДБ-дағы тұтынушылық кредит портфелі 14,1 трлн теңге болған, бұл былтырмен салыстырғанда 31,7%-ға артық.

Ranking.kz пікірінше, тұтынушылық кредит - кез келген елдегідей Қазақстан экономикасының қозғаушы күші.

"Кредиттік ресурстар арқылы қаржыландыру артып, нарықтық экономика өркендейді. Өкінішке қарай, қаржылық сауат төмендігінен әрі экономика негіздерін түсінбегендіктен, көпшілік тұтынушылық кредит көлемі өсуін теріс құбылыс ретінде бағалайды, халықтың кредитке белшесінен батқанын алға тартады, ал бұл - теріс пікір. Тұтынушылық кредит көлемі өскеніне қарамастан, мұндай динамика халықтың қарызының деңгейіне теріс әсер етпейді. Қарыз көлемімен бірге халықтың табыс деңгейі де өсіп жатыр, сондай-ақ, елдің кредит нарығы жетіліп келеді", - дейді сарапшылар.

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, 2024 жылғы төртінші тоқсанда Қазақстан халқының кредит пен қарызды төлеуге жұмсаған шығындарының үлесі - небәрі 6,2%. Ал 2009 жылы бұл 4,6% болған.  

"Қазақстандағы қарыз жүктемесінің деңгейі өте төмен, ал динамикасы барынша қалыпты. Тағы бір бөлек айта кетерлігі, бұл статистика тек кредиттерді емес, басқа да міндеттемелерді, мысалы ең жақын досыңыздан алған қарызды да қамтиды. Тереңірек үңілсек, тек кредитті өтеу үшін жұмсалатын шығын үлесі одан да аз болуы мүмкін", - дейді Ranking.kz.

Сарапшылар салыстырмалы түрде азық-түлікке жұмсалатын шығынға тоқталып, бұл халықтың барлық шығынының жартысы екенін айтты.

"Бұл - алаңдатарлық көрсеткіш. Азаматтар тамаққа көп ақша жұмсаған сайын өздерін басқа нәрседен шектейді, бұл халықтың өмір сүру деңгейін айқындайды. Оның үстіне он бес жыл ішінде халықтың азық-түлікке жұмсайтын шығынының үлесі 8,2 пайыз тармаққа ұлғайған. Қазақстандықтардың әл-ауқатына алаңдатушылық танытатын жандар дәл осы мәселені қолға алса, нұр үстіне нұр болар еді", - дейді сарапшылар.

Ranking.kz тағы бір статистика келтірді: 2025 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша Қазақстанда банктерден, МҚҰ-дан, коллекторлық және басқа да компаниялардан қарыз алған 9 млн-ға жуық қарыз алушы тіркелген.

"Бұл көрсеткіштің мәні басқада. Қарыз алушылар санын қарыз сомасы тұрғысынан қарастырсақ, өте қызық көрініс пайда болады. 9 млн қарыз алушының қаржы ұйымдарында жалпы сомасы 24,3 трлн теңге кредиті бар. Ал енді ең қызығы, жалпы берешектің 92,8%-дан астамы - 1 млн теңгеден көп қарыздар, мұндай соманы қарыз алушылардың 46,7%-ы ғана алған. Егер одан да көп сомаларды қарастыратын болсақ, 2 млн теңгеден басталатын кредиттер - жалпы көлемнің 84%-ы, алайда мұндай қарызды қарыз алушылардың тек 30%-ы алған. Енді ірі, қомақты сомаларға тоқталайық. Мәселен, қарыз алушылардың тек 15%-ында 5 млн теңгеден жоғары қарыз бар, бірақ олардың жалпы сомасы халықтың барлық қарызының 66%-дан астамы болады. Ал мұндай ірі көлемдегі қарызды негізінен табысы жоғары азаматтар, сондай-ақ, банктердің аффилирленген тұлғалары ғана ала алады, себебі мұндай қарызды алу үшін төлем қабілеті жоғары болуы қажет және банктер барлығына дерлік мақұлдай бермейді", - деп жазылған мәліметте.

Демек салыстырмалы түрде алсақ, Қазақстанда қарыз алушылардың едәуір бөлігінің берешегі көп емес, яғни көптеген азамат үшін ауыртпалық салмайды.

"Қарыздың негізгі сомасын тұрақты әрі жоғары табысы бар ірі қарыз алушылар алады, олар үшін қомақты сомадағы кредит ауыртпалық емес, инвестиция мен мүмкіндік болуы мүмкін. Бұған отбасыларға тұрғын үй мәселесін оң шешуге мүмкіндік беретін ұзақ мерзімді ипотекалар да жатады, ал бұл өмір сүру деңгейіне де, елдің әлеуметтік тұрақтылық факторларына да оң ықпалын тигізеді. Алайда бұл - жеке материалға арқау болатын тақырып, себебі оның тұтынушылық кредиттерге қатысы жоқ", - дейді сарапшылар.

Түйін: Сонымен Ranking.kz түрлі көрсеткішті талдап, мынадай қорытынды жасады: Қазақстан халқының қарызы көп емес әрі елдің қаржылық тұрақтылығы үшін қандай да бір қауіп төндірмейді.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget