• 500.67
  • 490.7
  • 6.04

Олимпиада чемпионы мемлекеттік төлемдерсіз қалды: Мәдениет және спорт министрлігінің жауабы

Олимпиада чемпионы мемлекеттік төлемдерсіз қалды: Мәдениет және спорт министрлігінің жауабы
Фото: astanafans.com

Олимпиада чемпионы, қазақстандық велошабандоз Александр Винокуров мемлекет тарапынан берілетін өмір бойғы ай сайынғы төлемдерді ала алмай жүргенін мәлімдеді. Бұл туралы ол Dope Soz подкастында айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Винокуровтың айтуынша, ол спорт саласындағы 20 жылдық еңбек өтілін дәлелдей алмай жүр.

"Бүгінде мен сол жерде 20 жыл еңбек еткенімді дәлелдеу үшін күресіп жүрмін. Бұл қалай болғаны? Мен 1991 жылдан бері Қазақстан құрамасындамын. Қазір әр жерден анықтама жинап, дәлелдеуге тырысып жүрмін. Алған жалақым да керемет емес – 350-200 мың теңге шамасында. Бірақ мен барлық жарыстарға қатыстым – нәтижелерім бар. Ал маған "Сен жалақы алмағансың" деп жауап береді", – деді Александр Винокуров Dope Soz подкастында.

Аталған мәселеге қатысты Мәдениет және спорт министрлігі түсініктеме берді. Ведомствоның мәліметінше, Винокуров өмір бойғы төлем құқығынан айырылмаған. Қазіргі таңда оның спорт саласындағы еңбек өтілін растайтын құжаттар жиналып жатыр.

"Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, өмір бойғы ай сайынғы төлем тағайындау үшін спорт саласында кемінде 20 жыл жұмыс істегенін дәлелдейтін құжаттар қажет. Бұл ретте министрлік Александр Винокуровтың ел спортына қосқан үлесін жоғары бағалайды", – деп мәлімдеді министрлік.

Еске салайық, 2023 жылы бекітілген ережеге сәйкес, Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлері, сондай-ақ олимпиадалық спорт түрлерінен әлем чемпиондарына 100 АЕК көлемінде (қазіргі уақытта 393 200 теңге) ай сайынғы төлем қарастырылған.

Александр Винокуров – Қазақстан тарихындағы жалғыз Олимпиада чемпионы велошабандоз. Ол төрт бірдей Олимпиадаға қатысып, 2013 жылдан бері "Астана" велокомандасын басқарып келеді.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

А. Бақдаулет
Logotype Massaget