
Бразилия құрамасының аңызы ҚПЛ клубын алаяқтар деп айыптады.
Футзалдан әлемнің төрт дүркін үздік ойыншысы атанған Бразилия құрамасының аңызы Фалькао қазақстандық “Елімай” футбол клубына қатысты даулы мәлімдеме жасады. Ол Instagram парақшасында клубтың өз ұлы Энцо Мендеске әділетсіздік жасағанын жазды.
“Бұл — жалған! Барлық келіссөзді мен жүргіздім! Клубтың құрылымы жақсы, жанкүйерлері де, ойыншылары да мықты. Бірақ басшылық — сабырсыз әрі сенімсіз! Олар уәделерінің ешқайсысын орындаған жоқ! 70 күн бойы ұлымды алдады! Барлық дәлел менде бар! Мұны жақын арада баспасөзге беремін!” — деп жазды Фалькао “Елімай” клубының ресми парақшасындағы жаңалық астындағы пікірінде.
Еске салайық, бұған дейін “Елімай” ресми түрде хабарлағандай, Энцо Мендес командамен бірге қысқы оқу-жаттығу жиынында болған. Бірақ клуб бапкерлерінің бақылауынан кейін оған келісімшарт ұсынылмаған. Осылайша ойыншының семейлік клубтағы мансабы ресми түрде аяқталды.