
Қазақстан ұлттық құрамасының шабуылшысы Абат Айымбетов 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатына іріктеу кезеңіндегі алғашқы матчқа дайын екенін мәлімдеді. Уэльс құрамасына қарсы ойында жеңіске жетіп, елге қуаныш сыйлағысы келетінін айтты.
Баспасөз-конференция барысында шабуылшы өз пікірін бөлісті:
"Екі жыл бұрын Солтүстік Ирландияға қарсы матчта көрсеткен нәтижемді қайталауға дайынмын. Әрине, елімді жеңіспен қуантқым келеді. Түркия чемпионатында клубымда бәрі бірқалыпты болмады. Бірақ қазіргі басты мақсат – Қазақстан құрамасына жеңіс әкелу. Құраманың ішкі атмосферасы жақсы. Жергілікті маман келді. Бәрі ретімен жүріп жатыр", – деді Айымбетов.
Алдағы матчтарда Қазақстан құрамасына бірнеше негізгі ойыншы көмектесе алмайды. Жарақатына байланысты шабуылшы Рамазан Кәрімов пен қорғаушы Роман Асранқұлов Уэльс және Лихтенштейнге қарсы кездесулерге қатыспайды. Сонымен қатар Бахтиёр Зайнутдинов пен Әлібек Қасым да құрамадан тыс қалды.
Қазақстан Уэльс құрамасына қарсы ойнайды. Кездесу Кардифф қаласындағы “Cardiff City Stadium” аренасында өтеді. Матч Астана уақытымен 23 наурыз түнгі 00:45-те басталады.
Үш күннен кейін, яғни 25 наурыз күні қазақстандықтар Лихтенштейн құрамасымен кездеседі.