Ресейдегі президенттік сайлау – 2024 қорытындысы: Путин рекордтық нәтижемен жеңіске жетті

Путиннің қарсыластары 13 пайыздан аз дауыс жинады

Нұрдәулет Кәкіш
18/03/2024 - 14:41

Фото: KIRILL KUKHMAR/TASS

Фото: KIRILL KUKHMAR/TASS

Ресейдегі президенттік сайлау аяқталды. ОСК-ның алдын ала мәліметтері бойынша, қазіргі президент Владимир Путин 87 пайыздан аса дауыспен жеңіске жетті. ВВС агенттігі хабарлағандай, қашықтан дауыс беруді қосқанда, жалпы дауыс берген сайлаушылар саны 74 пайыздан асты, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі

Путиннің қарсыластары 13 пайыздан аз дауыс жинады.

Екінші орында Николай Харитонов (4,32% дауыс), үшінші орында Владислав Даванков (3,79%), төртінші орында Леонид Слуцкий (3,19%).

Путин Шешенстан Республикасында ең көп пайыздық дауыс жинаған. Ол жерде 98,99% дауыс беріпті.

Кемерово облысында ол 95,73%, Тывада – 95,37%, Еврей автономиялық облысында – 92,35%, Саратов облысында – 91,66%, Қарашай-Черкесте – 90,07% дауыс жинаса, Мәскеуде Путин 85,57%, Мәскеу облысында – 86,19% жинады.

Севастопольде оған 92,6% дауыс берілді.

Өңірлердің үштен бірінде жұмыс істеген қашықтан электрондық дауыс беруді қосқанда сайлаушылардың қатысуы 74,22% құрады, деп хабарлады ОСК. Бұл Ресейдегі президенттік сайлау тарихындағы ең жоғары көрсеткіш болды.

2018 жылы сайлаушылардың 67,54 пайызы дауыс берген. Алты жыл бұрын сайлау тек бір күнде аяқталған. 2018 жылғы сайлауда Владимир Путин 76,69% қорытынды нәтижемен жеңіске жеткен болатын.

РФ ОСК мәліметінше, адамдар Украинамен шекаралас аудандарда да белсенді дауыс берді. Онда үш күндік сайлау жүргізілді. Мысалы, Белгород облысында Ресей билігінің мәліметі бойынша, жексенбі күні түстен кейін келушілер қарасы 83 пайыздан асты.

Ресей басып алған Украина аймақтарында да дауыс беру ұйымдастырылды. Батыс елдері оны бірнеше рет «Украина егемендігін бұзу» деп атады. Ресей армиясы басып кірген Запорожье территорияларының, сондай-ақ Херсон, Донецк және Луганск облыстарының тұрғындары сайлауға үйден қатысуға мәжбүр болды. Оларға комиссия мүшелері қарулы әскерилердің сүйемелдеуімен барды.

×

Редакция

$ 447.25  485.18  4.96