×

Бұл заң осы күйінде қабылданып кетер болса, бізде цензура күшейеді - Есенгүл Кәпқызы

Олардың пікірінше, заң жобасы осы күйінде қабылданып кетсе, журналистердің құқығы шектеліп, кәсіби тұрғыда жұмыс істеуіне кедергі келтіреді

Бұл заң осы күйінде қабылданып кетер болса, бізде цензура күшейеді - Есенгүл Кәпқызы
Фото: Qaz365.kz

Бүгін Астана мен Алматыда журналистер мен құқық қорғаушылар баспасөз мәслихатын өткізіп, «Масс-медиа туралы» заң жобасының шикі тұстарын атап өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Олардың пікірінше, заң жобасы осы күйінде қабылданып кетсе, журналистердің құқығы шектеліп, кәсіби тұрғыда жұмыс істеуіне кедергі келтіреді.  

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жанында құрамына 60-тан астам медиасала өкілдері, сарапшылар мен журналистер кірген жұмыс тобының мүшелері бірнеше ай бойы БАҚ туралы заң жобасының мәтінін талқылады. Түбегейлі жаңа, озық заң жасау туралы мәлімдемеге қарамастан, министрлік «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» және «Телерадио хабарларын тарату туралы» екі ескі құжатты араластыруды ұсынды дейді журналистер.

Белгілі журналист, «Мінбер» қоғамдық қорының жетекшісі Есенгүл Кәпқызы бұл заң жобасына қатысқан 60-тан астам азаматтық қоғам өкілінің айтылған ойлары мен ұсыныстары ескерілмегенін айтады. Бұл заң осы күйінде қабылданып кетер болса, цензура күшейетінін алға тартады. 

«Масс-медиа туралы заң» осы жылдың басынан бері талқыланып жатыр. Оған дейін БАҚ туралы заңды талқылауды қолға алғанбыз. Талқылау былтыр жаз айында басталған. Маңызды құжатты талқылауға қатысып жатқанымызға алғашында өзімізді бақытты сезінген едік. Өкінішке қарай, содан бері айтылып жатқан ұсыныстарымыз бен идеяларымыз бұл заңнан әлі көрініс таппай жатыр. Бұл заң ашық құқықтық-нормативтік актілердің сайтына жарияладық. Ары қарай ведомства аралық комитеттің талқылауына жіберді. Бірақ бұған дейінгі жұмыс тобына қатысқан  60-тан астам азаматтық қоғам өкілінің айтылған ойлары мен ұсыныстары ескерілмеген.

Ең басты мәселе – журналистердің құқығының кеңеюі емес, шектелуі.  Бұл заң осы күйінде қабылданып кетер болса, бізде цензура күшейеді. «Журналистерге ерекше статус беріледі» дейді. Бірақ бұл арқылы біз өз құқығымызды шектейміз. Егер біздің қоғамда сөз бостандығы өз деңгейінде болар болса, журналистердің ерекше құқығы сол болар еді деп ойлаймын», - дейді Есенгүл Кәпқызы.

Сондай-ақ журналист занжобасының тағы бір шикілігі медиа этиканы заңдастыру мәселесі екенін айтады. Оның пікірінше, медиа этиканы жазатын да, ұсынатын да,  қабылдайтын да журналистердің өзі. Медианы реттеу журналистердің өз қолында болуы керек деп санайды.

«Медиа этиканы заңдастыру мәселесі бар. Егер бұл заңдастырылатын болса, журналистердің құзіретіне үлкен кедергі келтіреді. Арнайы комиссия болатынын айтады. Бірақ бұл комиссия мүшелері кімдер? Кез келген мемлекеттік тарихын алып қарасаңыз, медиа этика заңмен қорғалмайды. Медиа этиканы жазатын да, ұсынатын да,  қабылдайтын да журналистердің өзі.  Сондай-ақ бұл ұсыныс төменнен келуі керек. Біздегі сияқты жоғарыдан емес. Медианы реттеу журналистердің өз қолында болуы керек», - деді журналист.

Журналистер мен құқық қорғаушылар баспасөз мәслихатын соңында Президент Тоқаевқа Үндеу жолдады

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →