21.04.2025
Садриддин Ахметовке жаңа қарсылас ұсынылды

TSS.ib.tv басылымының журналисі Дэвид Авила Қазақстанның бірінші орта салмақтағы боксшысы Садриддин Ахмедовпен кімдер жекпе-жекке шығуы мүмкін екенін сараптады, деп хабарлайды Sport12.kz
20 сәуір күні таңертең (АҚШ, Калифорния штаты, Коммерс қаласы) өткен бокс кешінің басты жекпе-жегінде Ахмедов мексикалық Элиас Эспадаспен cенсациялық түрде тең түскен еді.
— Ахмедов — тағы бір қазақ панчері. Ол да кезінде он жыл бойы орта салмақты «қорқынышта ұстаған» даңқты Геннадий «GGG» Головкинге ұқсайды. Әрине, Ахмедовтің шеберлігі мен техникасы Головкинмен деңгейлес емес. Бірақ оның жұдырық қуаты жеткілікті, — деп жазады Авила.
Журналистің айтуынша, бұл жекпе-жек Ахмедов үшін мансап жолындағы тағы бір маңызды кезең болды. Себебі 154 фунттық (бірінші орта) салмақ дәрежесі — қазір бәсекелестік өте жоғары дивизиондардың бірі.
— 360 Promotions компаниясында бұл салмақта украин боксшысы Сергей Богачук бар. Ол бір жыл бұрын Верджил Ортиспен жекпе-жекте жеңіске сәл ғана жете алмай қалған. Егер алдағы уақытта екі спортшы үшін жаңа қарсылас табылмаса, Богачук пен Ахмедов өзара кездесуі де ғажап емес. Бұл – бөлек талқылауды қажет ететін тақырып, — делінген мақалада.
