6 күн бұрын
Қазақстан жасөспірімдер құрамасы екі кездесуде сегіз гол соқты

Фото: ҚФФ
Футболдан 17 жасқа дейінгі Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Еуропа чемпионаты екінші іріктеу сатысын сәтті өткізді.
Олар екінші ойында Литва құрамасымен жасыл алаңға шықты. Кездесу барысында Исмаил Бекболат 58, 80, 89-минутта үш гол соғып, хет-триктің авторы атанды. Ал Абылай Төлеухан 21, Дәулет Орынбасар 75-минутта бір-бір голдан соқты. Оған литвалық футболшылар екі голмен жауап қайырды.
Осылайша қарсыласынан 5:2 есебімен басым түскен қазақстандық футболшылар өз тобындағы ойындарды екі жеңіспен бірінші орында аяқтады.
Айта кетсек, бұдан бұрын олар Грузияны 3:0 есебімен тізе бүктірген еді. Бұл ойында Дәулет Орынбасар 48, 75, Исмаил Бекболат 55-минутта мергендік танытты.
Нәтижесінде қазақстандық футболшылар екі кездесуде сегіз гол соғып, жоғары нәтижеге қол жеткізді.
